Ауданның негiзгi көрсеткiшiн ауыл шаруашылығы саласы құрайтынын ескерсек, өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы да тiкелей осы саламен байланысты.
Өз алдына аудан болып құрылғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған шежiрелi Шардарада адал еңбегiмен көптiң құрметiне бөленген азаматтар көп. Солардың арасында ауыл шаруашылығы саласының өсiп-өркендеуiне айырықша үлес қосқан ел ағалары бар. Жастық жалындарын туған жерлi түлетуге арнап, Шардарамен бiте қайнасып кеткен мұндай азаматтарға қандай сый-құрмет көрсетсек те жарасады.
Жуырда ауыл шаруашылығы саласының ардагерлерiне құрмет көрсетiлiп, сый-сияпаттар табыс етiлдi. Атап айтар болсақ, ұзақ жылдар бойы аудан әкiмiнiң ауылшаруашылығы саласы бойынша орынбасары қызметiн атқарған ауданның Құрметтi азаматы Исамуддин Рысбай, бiрнеше кеңшарда директорлық қызмет атқарып, зейнет демалысына шыққанша аудандық аумақтық инспекцияға басшылық жасаған ауданның Құрметтi азаматы Шүкiр Жарияқұлов, ветеринария саласының ардагерi, ақын-жазушы, ауданның Құрметтi азаматы Қуанбек Абдуллаев, ауыл шаруашылығы басқарма-сының ұйымдарында қажырлы еңбек еткен, кезiнде ауданда алғаш рет әлеуметтiк дүкен ұйымдастырып, арзан бағада халыққа ауыл шаруашылығы тауарларын ұсынған еңбек ардагерi Молда Исаев есiмдi ел ағаларына республикалық «Ынтымақ жолы» қоғамдық бiрлестiгi атынан медальдар табыс етiлдi. Атап айтар болсақ, Исамуддин Рыспайға еселi еңбектерi үшiн «Халық қалаулысы», Қуанбек Абдуллаевқа «Тұлға тағылымы 100 есiм», Шүкiр Жарияқұловқа «Асыл ардагер», Молда Исаевқа «Құрметтi азамат» медальдары тапсырылды.
Осынау ел ағаларының әрқайсысының еңбектерi бiр-бiр кiтапқа татиды десек артық айтқандық емес. Аймақтың көркейiп-гүлденуiне сiңiрген еңбектерi кейiнгi жас ұрпаққа үлгi-өнеге болып қала бередi. Бүгiнде Шымкент қаласында ғұмыр кешетiн зейнеткер ағалар әлi күнге қоғамдық жұмыстан қол үзбей, халықпен қоян-қолтық араласып келедi. Өздерiне көрсетiлiп отырған құрметке риза болған еңбек ардагерлерi жерлестерiне алғыс сезiмдерiн бiлдiрiстi.
Өз тiлшiмiзден.