Түркiстан облысының ақсақалдары елiмiзде тұңғыш рет өткiзiлетiн ауыл әкiмдерiнiң сайлауының саяси реформаларға тың серпiн беретiнiне сенiмдi.

Ал ең бастысы, тұрғындарды ел басқару мен шешiм қабылдау үдерiсiне тартуға жол ашады. Өңiрде сайлау науқанына дайындық қызу. Түркiстан облысы жасыл аймақта. Дегенмен карантин талаптары қатаң сақталуы тиiс. Алдағы сайлауда эпидемиологиялық жағдай да басты назарда болмақ.

Түркiстан облысының әкiмi Өмiрзақ Шөкеев оңтүстiк аудандарға жасаған жұмыс сапарында Мақтаарал, Шардара және Жетiсай аудандарының ақсақалдарымен кездесiп, бiрқатар қордаланған мәселелердiң шешу жолдарын қарастырды. Облыс әкiмi сайлау науқанына дайындық барысын пысықтады. Жетiсай ауданының ақсақалдары суармалы жерлердi сорланудан сақтап, құнарлығын арттыру, iстен шыққан су ұңғымаларын жөндеуден өткiзiп, шаруалардың ағын су тапшылығын шешу, диқандарды жала жұмыстарына қажеттi отынмен толық қамту, ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттен субсидия бөлу секiлдi мәселелердi ортаға салды. Көтерiлген мәселелерге қатысты облыс әкiмi жауапты сала басшыларына тапсырмалар бердi.

Шардара ауданының қариялары мен зиялы қауым өкiлдерi Қазақстанда тұңғыш рет өтетiн ауыл әкiмдерiнiң аламанына халық сенiмiн ақтайтын, белсендiлiгi, iскерлiгi, жоғары жауап­кершiлiгi бар азамат-тардың қосылғанын қалайды.

«Ең алдымен, қарияларға деген үлкен қошаметiңiз үшiн халықтың атынан ризашылығымды бiлдiргiм келедi. Өткен жолы келгенiңiзде, жаңарған Түркiстан қаласын тамашалауға деген ниетiмiздi бiрден қолдадыңыз. Түркiстанда болдық. Қасиеттi мекенiмiздiң гүлденуi барлығымыз үшiн мақтаныш. Ал бұқараның билiкке деген сенiмiн арттыратын алдағы ауыл әкiмдерiнiң сайлауын бүкiл ел болып қолдап жатыр. Ауыл халқының өз әкiмiн өзi сайлауы болашақ әкiм үшiн де, халық үшiн де жаңа белес. Үлкен жауапкершiлiк»,-дедi Шардара ауданы Ардагерлер кеңесiнiң мүшесi Оралбай Ақбердиев.

Көпшiлiк арасында сайлау кезiнде руға бұра тарту болуы мүмкiн екенi туралы пiкiр бар. Оны ауданындағы ардагерлер жоққа шығармайды. Көптi көрген қариялар кiл мықтыда кiмнiң мықты екенi тiкелей дауыс беру арқылы анықталатын саяси бәйгенiң уақыт өте келе деңгейi биiктей түсетiнiн айтты.

Сапар барысында облыс әкiмi бiрқатар әлеуметтiк нысандарды аралап, шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.

Түркiстан облысы әкiмiнiң баспасөз қызметi.