25 шiлде күнi елiмiзде ауыл әкiмдерiнiң сайлауы өтетiнi баршаға белгiлi. Бiздiң ауданымызда осы күнi Жаушықұм ауылының әкiмi сайланады.
Бiз аталған шараға байланысты деректер бiлмекке, сайлауға дайындық үстiндегi Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жұмыс бөлмесiне ат басын бұрдық. Онда комиссия мүшелерiнiң басқосқан мәжiлiсi үстiнен түстiк. Тиiстi тапсырма алған комиссия мүшелерiн босатқан комиссия төрағасы Есенбай Бейсенбиев бiздi жылы шыраймен қарсы алды. Бiз уақытты үнемдеу үшiн бiрден сайлауға қатысты әңгiмемiздi бастап кеттiк.
– Есенбай Рысқұлұлы, ауыл әкiмдерiнiң сайлауы бойынша берген хабарландырулар баспасөзде шықты. Бұл сайлаудың өткен сайлаудан ерекшелiктерi жайлы оқырмандарға баяндап кетсеңiз.
– Биыл 25 шiлдеде Жаушықұм ауыл округiнде ауыл әкiмiнiң сайлауы өтедi. Бұл сайлау өткен сайлауға қарағанда өзгешелеу өтпек. Қазақстан Республикасының сайлау туралы Заңына (28 қыркүйек 1995 жылғы №2464) өзгерiстер енгiзiлiп, 2021 жылдың 25 шiлдесiнде республика көлемiнде мерзiмi бiткен ауыл әкiмдерiнiң орнына әкiм болғысы келетiн үмiткерлер сайлану арқылы тағайын-далады. Бұрын ауыл әкiмдерiн аудандық мәслихат депутаттары сайлайтын. Ендi заңға енген өзгерiске сәйкес ауыл әкiмiн сол ауыл округiне қарасты елдi мекен тұрғындары сайлайды. Сайлауға түскен кандидаттардың көп дауыс алғаны жеңiмпаз болып табылады.
– Әкiмдiктен үмiткерлер не iстеуi керек, қандай құжаттар жинақтап тапсырады?
– Сайлау өтетiндiгi жайлы хабарды естiген әкiмдiктен үмiткерлер аудандық аумақтық сайлау комиссиясына келiп, қандай құжат қажеттiгi жайлы мәлiмет алуы керек. Кандидат қажеттi құжаттарды мерзiмiнде өткiзуi тиiс. Жинақталған құжаттар заңда көзделген талаптарға сай келуi тиiс.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес аудандық сайлау комиссиясына ұсынған құжаттар негiзiнде мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган құжаттардың сәйкестiгiн анықтайды.
Тексерiп болған соң кандидаттың сәйкес келетiндiгi, болмаса сәйкес келмейтiндiгi жайлы хабарлайды.
– Әкiм болатын кандидаттарды кiмдер ұсынады?
–Қазақстанда белгiленген тәртiппен тiркелген партиялар 1 кандидаттан, өзiн-өзi ұсыну арқылы өтiнiш берушiлер, сондай-ақ, ұсыну мерзiмi аяқталатын күнi екеуден аз кандидат ұсынылған болса аудан әкiмi ұсынады.
– Өзiн-өзi ұсынушылар қандай құжат рәсiмдейдi?
– Партиялар ұсынған кандидаттарына хаттама ұсынады. Баж салығын да ұсынған партия төлейдi. Ал өзiн-өзi ұсынатындар тиiстi құжаттарын өткiзiп болған соң, оларға қол қою парағы берiледi. Оған сол ауыл округiндегi сайлаушылардың 1 пайызы кандидатты жақтап қол қоюы керек. Қол қою парағындағы қолдың сәйкестiгiн көшi-қон полициясы тексерiп, бiзге қорытындысын хабарлайды.
Өзiн-өзi ұсынғандар баж салығын өз жандарынан төлеуi тиiс.
– Кандидаттардың тiркелмей қалатын сәттерi бола ма?
– Осы жерде үмiткерлер заң талабын қатаң орындауы керек. Бiз ұсынған тiзбедегi құжаттарды мерзiмiнде ұсынуы тиiс. Жинақталған құжаттарды мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi органға жолдайды. Кандидаттың әкiмдiк қызметке жарамды, жарамсыз екендiгiн анықтап, бiзге хабарлайды.
– Кiмдер әкiм бола алады?
– 25 жасқа толған, жоғары бiлiмдi Қазақстан Республика-сының азаматы мемлекеттiк мекемеде 6 жыл қызмет iстесе, мемлекеттiк қызметте 2 жыл iстесе әкiм болуға құқылы.
– Сұхбатыңыз үшiн рақмет.
Сұхбаттасқан С.Лаханов.