Аудандық орталық мешiтке Құрбан айт намазына қала тұрғынындары таңғы сағат бестен бастап жинала бастады.

Сағат алтыдан бастап найб имам Асылхан Данияров Құрбан айт мерекесiнiң ерекшелiгi, құрбандық шалу, оның тарихы жөнiнде кеңiнен тоқталды.

Қала әкiмi Ережеп Бекетов пен Орталық шешiтiнiң бас имамы Марат Асанов намазға жиналғандарды Құрбан айт мерекесiмен құттықтап, барша қауымды бiрлiкке, ынтымаққа, татулыққа шақырды.

Өткен Ораза айт намазы кезiнде Қыдырғали Оңғарбаев пен Қызыбек Жылқыбай жамағатты “Ел үлесi – пәтерге” акциясына қатысып, үлес қосуға, жиналған қаржыға үй алып, баспанасыз жүргендерге қолдау көрсетуге шақырған болатын. Ұсыныс қолдау  тауып, кәсiпкерлер, жеке азаматтар акцияға ақша салып, Ораза айт намазы мен Құрбан айт намазы арасындағы жетпiс күнде тұрғын үйге жетерлiк қаржы жиналды. Қазыбек Жылқыбай алты баланың анасы Құндыз Молдашеваға  “Ел үлесi – пәтерге” акциясының №439 баспанасының кiлтiн табыс еттi. Жаңа пәтер иесi атанған Құндыз Молдашеваға құтты болсын айтушылармен қатар, үйiне көрiмдiк берушiлер де табылды.

Биыл Қазақстан  мұсылмандар Дiни басқармасының құрылғанына  отыз жыл болса, қаладағы орталық мешiттiң құрылғанына  да отыз жыл екен. Отыз жылдан берi жөндеу көрмеген мешiттiң күрделi жөндеу жұмыстарының аяқталуына да  санаулы күндер қалыпты. Осыған атсалысып жатқан жеке кәсiпкерлердi орталық мешiттiң бас имамы Марат Асанов Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Шапан жауып, “Құран” кiтабын табыстады. Олардың арасында Ақан Жаппарқұлов, Қайрат Төребеков, Дүйсехан Жастаев, Ермек Тiлеуқабылов және Ержiгiт Өскенбаевтар бар.

Бұдан кейiн мешiттiң сыртындағы алаңқайда елiмiздiң Бас санитары мен Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасының бiрлесiп шығарған шешiмiне сай бетперде тағып, арақашықтықты сақтай отырып Құрбан айт намазы оқылды.

Құрбан айт намазының соңы спорттық шараға жалғасты. Берiк Қайназаровтың жетпiс мыңдық қошқарын көтерiп ұтып аламын деушiлерде есеп болмады. Қанат Рүстемов, Медет Әуесбек, Дүйсехан Жастаевтар бағын сынап көрдi. Бiрақ қашанда шын мықты өз межесiне кол жеткiзедi. Қарсыбаев Ғалымжан қошқарды 120 рет тоқтаусыз көтерiп, жүлдегер атанып, қошқарды қанжығасына байлап әкеттi.

Жалпы Құрбан айт мерекесiнiң алғашқы күнi демалыс болуының өзi жамағаттың бiр-бiрiнiң үйлерiне айттап баруына, қорымдарға барып қайтыс болғандардың қабiрiн шөптен тазартуға мүмкiндiктерi болды.

Құрбан айт құтты болсын, жамағат.  

 Өз тiлшiмiзден.