Аптаның сейсенбiсiнде аудан әкiмдiгiнiң мәжiлiс залында кезектi әкiмдiк отырысы өттi.
Мәжiлiске аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай, аудан әкiмiнiң орынбасарлары – Б.Шомпиев, Н.Сапаров, аудан әкiмi аппаратының басшысы Ғ.Амантай және экономика және қаржы бөлiмiнiң басшысы Б.Жетпiсбаевтар қатысты. Сондай-ақ, дербес бөлiм басшылары мен қала, ауыл әкiмдерi жиында болды.
Жиын барысында күн тәртiбiндегi түйiткiлдi мәселелер талқыланды. Атап айтсақ, экономика және қаржы бөлiмiнiң 6 айда атқарған жұмыстарына шолу жасалып, жарты жылдағы қала, ауыл округтерiнiң әлеуметтiк-экономикалық даму нәтижелерi сөз болды.
Сондай-ақ, Шардара қаласы әкiмiнiң 6 айда атқарған жұмыстарының қорытындысы тыңдалды. Қала әкiмi Е.Бекет бұдан бөлек қала аумағындағы санитарлық тазалық пен көгалдандыру бойынша туындап жатқан өзектi сауалдарға жауап бердi. Қала әкiмiнiң есебiн мұқият тыңдаған аудан әкiмi қала аумағындағы жол белгiлерi мен баннерлердi жаңарту, қосымша қоқыс жәшiктерiн алу керектiгiн айтты. Одан кейiн аудан әкiмi аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлiмiнiң бас инспекторы С.Көшалиев аудан әкiмiнiң өткен жылдағы қорытынды есебiнде туындаған мәселелердiң орындалуы бойынша баяндама жасап, олардың жүзеге асырылу барысын тарата айтты.
Жиын барысында аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай баяндамашы-ларға күн тәртiбi бойынша сұрақтар қойып, көтерiлген мәселелердi тез арада шешудi тапсырды. Аудан басшысы тиiстi тапсырмалар орындалмаған жағдайда жауапты басшыларға шара көретiнiн жеткiздi.
Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.