Атом бомбасын алғашқы сынау 1949 жылы тамыздың 29-ы күні болса, арада 42 жыл өткенде, яғни, 1991 жылы тамыздың 29-ы күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды.

Міне, осы атаулы күнге биыл 30 жыл толды. Осыған орай, аудандық ардагерлер кеңесінде жиын болып, онда аудандық «Семей ядролық полигоны» қоғамдық ұйымының төрағасы Назарбай Тоқсанбаев ядролық сынақ полигонының адамзатқа әкелген зияны туралы айта келіп, ауданымызда полигон аймағында әскери борышын өтеп келген әскерилер мен ол жақтан ауданымызға қоныс аударып келгендердің бүгінгі жағдайымен таныстырып, оларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік, дәрігерлік көмектер жөнінде айтты.

Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков Семей ядролық полигонында әскери борышын өтеген бір топ ардагерлерді Алғыс хатпен марапаттап, оларға «Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл» мерекелік төсбелгісін тапсырды. Отбасыларына амандық, дендеріне саулық, өздеріне ұзақ өмір тіледі. Мерекелік медальді иемденгендер қатарында Назарбай Қадыров, Әбдіғаппар Исмайылов, Ахмет Нұрәлиев, Нұрғали Әбдіханұлы, Декхан Лаханов, Зирак Алямович, Бахытхан Жасұзақұлы, Пердебай Жұрымбайұлы тағы басқалар бар.

Марапат иелері өз кезегінде 1 қазан қарттар күні қарсаңында өздерін арнайы қабылдап, құрмет көрсеткен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековке алғыстарын білдіріп, жұмысына табыс тіледі.

Ардагерлер бұдан кейін «Тұңғыш Президент саябағындағы» ескерткіш алдында естелік суретке түсті.           

Ақбота Өсербай.