Өткен аптаның соңында аудандық Оқушылар үйінде «Ботаникалық бақтың» ашылу салтанаты болды.

Оған аудан әкімінің орынбасары А.Тәженов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы А.Бердалиева, осы бөлімнің бас маманы Д.Нұсқабаева, әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Н.Жұманов және ауданның Құрметті азаматы, зейнеткер ұстаз, Білім беру ісінің үздігі Ж.Айдаровалар қатысты.

Қонақтар әуелі Оқушылар үйіндегі «Қолөнер», «Табиғат әлемі», «Ой әлемі», спорт кабинеттері мен «Жас эколог» үйірмелерінің жұмысымен танысып шықты.

«Ой әлемі» кабинетінде зейнеткер ұстаз Ж.Айдарова оқушылардан сурет салуда көбелекті не үшін таңдағандықтары туралы сұрағанда оқушылар: «Гүлдің жақсы өсуіне себепкер – көбелек. Олар табиғатқа ерекше әсер береді» – деп жауап берді.

Іс-шара барысында қонақтар «Ботаникалық бақты» аралап, ондағы өсімдіктер мен гүлдердің өсу жолдарымен танысты.

– «Ботаника» дегеннің өзі жалпы өсімдіктер әлемі. Осында бәріміз өсімдіктерді өсіру заңдылықтарын үйренеміз. Біздің мына оқушылар үйіміз қазіргі таңда облыс деңгейінде өте үлкен континентті қамтып жатыр. Мекеме директоры Сапаркүл Жиенбаеваның ұйымдастырушылығының арқасында мұнда көптеген іс-шаралар, байқаулар жоғары деңгейде өткізіледі. Тағы бір айта кетерлік жайт – осында жаңа оқу жылында 2100 оқушы тіркеліп отыр. Мұнда 72 үйірме тіркелген. Оның 38-і ауылдық мектептер базасында жұмыс жасауда. Қалғаны осы жерде. Алдағы уақытта мұндай қосымша білім беру ұйымдары ұлғайтылатын болады, – дейді Ақшагүл Бердалиева.

Шара барысында гүлдердің түрлері мен оны күтіп-баптау жолдары таныстырылды. Бұл Шардара қаласында алғаш рет ашылып отырған «Ботаникалық бақ». Алдағы уақытта гүлдердің түрлерін көбейтіп өсіріп, оны сатылымға шығару жоспарлануда.

Ардагер ұстаз Ж.Айдарова оқушыларға үйімізде, көшелерде, өзіміздің тұратын аймақтарда гүл өсіруді қолға алу керектігін, ондай іс олардың  қолынан келетіндігін айтып, өз сенімін білдірді.

Сондай-ақ, «Табиғат әлемі» үйірмесінің оқушысы Қасымбек Ақбота мен «Жас эколог» үйірмесінің оқушысы Серікбай Іңкәр өздерінің оқушылар үйінде «Ботаникалық бақтың» ашылғанына ризашылықтарын білдіріп, гүлдерді қалай отырғызу, өсіру және күтіп-баптау жолдарын үйреніп, ары қарай дамуына атсалысатындықтарын айтты.

Шара соңында аудан әкімінің орынбасары А.Тәженов Оқушылар үйі қызметкерлерінің бұл бастамасын қолдап, еңбектеріне жеміс, істеріне сәттілік тіледі.

Ақбота Нұрполатқызы.