Ауданымызда күзгі жиын терім науқаны күн санап қыза түсуде.
Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі де, гектар өнімділігі де жылдағыдан жоғары. Айталық, қазірдің өзінде аудан қырманына 6,0 мың тоннаға жуық мақта жиналды. Алатау батыр ауыл округінің мақташылары 3,5 мың тоннадан астам «ақ алтынды» төкпей-шашпай жинап алуда көш бастап тұр. Көксу ауылдық округінің мақташылары да 1,5 мың тонна «ақ ұлпа» жинап, күндік көрсеткіштерін арттыра түсуде.
Жалпы жиналған өнімнің 3,5 мың тоннадан астамы техника күшімен жинап алынды, яғни, күн сайын «көгілдір кемелер» көмегімен 800 тоннадай мақта өнімі жиналуда.
Дегенмен алтын күздің алғашқы айы өтсе де, Қ.Тұрысбеков, Сүткент, Ақшеңгелді және Достық ауыл округінде мақта жинау науқаны әле қарқын ала қойған жоқ. Небәрі 5-50 тонна көлемінде ғана мақта жиналған. Ұйымдастыру шараларын арттырып, бар мүмкіндіктерді сарқа пайдаланбаса қордаланған өнімнің жауын-шашыннан ысырап болып, өнімділіктің төмендеуі мүмкін.
Ауданда күріш ору науқаны да қызу қарқын алуда. Қазірдің өзінде 3800 тоннадан астам күріш салысы жиналды, өнімділік 71,4 центнерден айналуда. Алатау батыр ауыл округінің күрішшілері науқанды аяқтауға жақын. Көксу мен Ұзын ата ауыл округінің күрішшілері өнім жинау науқанын арттыра түсуі керек.
Диқан! Күздің әр күнін тиімді пайдалан!
«Өскен өңір» ақпарат.