Өткен  аптада 1 қазан  күні   Халықаралық  қарттар күніне орай, аудан әкімі Қайрат Жолдыбай ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық шараларда белсенділік танытып, үлес қосқан зейнет жасындағы ардагерлерге мерекелік дастарқан жайды.

Салтанатты шарада алғашқы болып сөз алған аудан басшысы қарттарды төл мерекелерімен құттықтады.

«Ауданымыздағы ардагерлердің  әлеуметтік жағдайы, күнделікті тыныс-тіршілігі, тиісті қолдаулар мен жеңілдіктерге ие болуы мемлекет назарында. Аудан ардагерлерінің еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанға, киелі мекен – Түркістанға саяхаттауы да дәстүрге айналды.

Бүгінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан зейнет жасындағы ардагерлер қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, қоғамның дұрыс дамуына зор үлес қосуда. Сол себепті, ардагер аға-апаларымызға үлгі болар өнегелі істері үшін шексіз алғысымды білдіремін», –  деген аудан әкімі өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан еңбек ардагерлеріне Алғыс хаттар, Семей ядролық полигонында әскери борышын өтеген ардагерлерге «Семей полигонының жабылғанына 30 жыл» мерекелік медальдары мен бағалы сыйлықтар табыстады.

Шара барысында аудандық мәслихат хатшысы А.Қарсыбаев та құттықтау сөз сөйлеп, бірнеше ардагерлерге марапат табыс етті.

Сонымен бірге, "Nur Otan" партиясы Шардара аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Қарымсақовтың атынан да осындай марапаттар табысталды.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков қорытынды сөз сөйлеп, қоғамдық шараларға белсене қатысып, өнегелі сөзімен саяси тұрақтылықты сақтауға үлес қосқан еңбек ардагерлері Оразбек Сейтомаров пен Саламатхан Дінәсіловке облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұловтың Алғыс хатын табыстап, Ибрагим Бектұрсынов, Түгелқос Жанықұлов және Есенгелді Тұтқабаевтарды Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сол сияқты аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Рахматулла Байдуллаевқа республикалық «Ынтымақ жолы» қоғамдық қорының шешімімен берілген Қазақстан Республикасына қосқан еселі еңбегі үшін «Еселі еңбегі үшін – Құрметті азамат» медалі мен Алғыс хатын тапсырды.

Осы күні аудан басшысы жалғызілікті қарттардың үйіне барып, оларды мерекелерімен құттықтап шықты.

Айта кетсек, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандағы жалғызілікті қарттарға әлеуметтік азық-түлік пакеттері таратылып берілді. Мерекеге орай, ауылдық окуругтерде де ардагерлерге арналған шаралар өткізілді.

Ауданымызда 35 тыл ардагері мен 7200-ге жуық зейнеткер болса, оның ішінде 126 жалғызілікті қарттар бар. 

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.