Кешегі аптада Келес ауданында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған қазақ күресінен дәстүрлі турнир өтті.

Осымен 58 рет ұйымдастырылған жарысқа 17 командадан 120 балуан қатысты. Олар 6 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Сонымен қатар, 90 және 90 келіден жоғары салмақтағы спортшылар «түйе балуан» атағы үшін таласты.

– Бұл айтулы жарыс талай-талай буынды спортқа баулып, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып келеді. Кезінде бұл жарысты оңтүстік өңіріндегі «кіші әлем чемпионаты» – деп те атаған. Қазақ күресінен жарыстар сирек өтетін. Сол кездері еліміздің түкпір-түкіпірінен мықты балуандар қатысатын. Қазір де жарыстың маңызы жоғалған жоқ. Ұлттық спортты ел арасында насихаттауда қара шаңырақ басылым – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің сіңірген еңбегі зор, – деп атап өтті Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев.

Әр салмақ дәрежесінде сынға түскен балуандар жарыс көрігін қыздырды. Спортшылар да, жанкүйерлер де асыға күткен «Түйе балуан» бәсекесі де тартысқа толы болды. Үшінші орын үшін Отырар ауданының балуандары – Есен Самат пен Айбек Садық белдесіп, Саматтың бәсі басым түсіп, үшінші орынды иеленді. Ал, ақтық сында екі бірдей шардаралық балуан – Ерсұлтан Мұзаппаров пен Қайсар Шәмшідинов боз кілемнің көркін қыздырды. Тартысты өткен «Түйе балуандар» бәсекесінде қарсыластарын түгел ұтқан Қайсар Шәмшідинов «Оңтүстік Қазақстан» газеті турнирінің «түйе балуаны» атанды. «Түйе балуанға» «Нексия» автокөлігінің кілті табысталды.

Жеңіс құтты болсын, жерлестер! 

«Өскен өңір» – ақпарат.