Өткен аптада болған жауын-шашыннан соң аудан диқандары өнім жинау науқанын арттыра түсті.
Соның нәтижесінде күн сайын жиналатын мақтаның көлемін 1700 тоннаға дейін жеткізе отырып, аудан қырманына 21,5 мың тоннадан астам «ақ алтын» жиналды. Яғни, аудан биылғы жылдың жоспарын сала бойынша 70,0 пайызға орындап үлгерді. Жиналған мақтаның 20 мың тоннаға жуығы комбайнның көмегімен жиналды. Мақта жиын-теріміне күнделікті 1400 қол терімшісі мен 166 мақта жинайтын комбайн қатысуда. Сүткент, Алатау батыр, Ұзын ата ауыл округтерінің диқандары 75-92 пайыз жылдық жоспарды орындаса, Қ.Тұрысбеков ауылының мақташылары 270 тонна «ақ ұлпа» жинап, жылдық межеге жетті. Ал, қалған ауыл округтерде қазірге дейін небәрі 50 пайыздан сәл-ақ жоғары көлемде мақта жиналды. Бұл шаруашылықтар өнім жинау науқанын арттыра түсулері қажет.
Сол сияқты ауданда орылған 845 гектар күріштіктен 6010 тонна күріш салысы жиналып, өнімділік 71,1 центнерден айналды. 12 гектар мақсарыдан 18, 1293 гектар бидайдан 3278, 1413 гектар арпадан 3742 , 11310 гектар бақшадан 287843, 545 гектар маштан 861, 17204 гектар ескі жоңышқадан 203523, 4779 гектар жаңа жоңышқадан 9558, 250 гектар картоптан 5125, 2561 гектар дәндік жүгеріден 15366, 691 гектар көкөністен 23693 тонна өнім алынды.
«Өскен өңір» – ақпарат.