Өткен аптаның соңында «10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні» мерекесіне орай, бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында байқау өткізілді.

Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздар егеменді еліміздің дамуы жолындағы қызметін адалдықпен атқарып, еңбекшілердің әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтағы белсенді қызметі үшін, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы ҚБ-нің Түркістан облыстық филиалының төрайымы К.А.Есебаеваның Құрмет грамотасымен марапатталды.

Атап айтқанда, Шардара аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің есепші маманы Сүндетқали Жантөреев, аудандық мәслихаттың бас маманы Ақмарал Қалдыбекова, Сүткент ауылдық округінің әкімі Олжас Айдосов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас мамандары – Мейіржан Қошымов пен Дәулет Нұртазаевтар, аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Рабиға Кәрібаева,  қала әкімі аппаратының бас мамандары – Айтжан Құралбаев пен Бегалы Төреқұлдар осындай марапаттың иегерлері атанды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастауыш кәсіподақ ұйымы «Үздік бастауыш ұйым» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар, марапатталғандардың бірқатарына республикалық кәсіподақтар ұйымының «Мемлекеттік қызметкерлері кәсіподағының үздігі» төсбелгісі мен облыстық кәсіподақ ұйымының «Еңбек озаты» медальдары табыс етілді.

Байқау соңында Кәсіподақ ұйымдарының белсенді төрағалары мен мүшелерінің мерейін асырған Күлдәр Аралбекқызы: «Кәсіподақ – бүйірді таянып, столды ұрып, қатты сөйлейтін биліктің иесі емес. Ол қоғамдық жұмыс, тұрақтылықтың кепілі. Келіспегенді келістіретін, үйлеспегенді үйлестіретін, мәдениеттің үлгісі болу керек. Бетегеден биік, жусаннан аласа жағдайда жұмыс жүргізетін кәсіподақ ұйымының қызметінде «арба да сынбауы керек, өгіз де өлмеуі тиіс». Кәсіподақ ұйымдарының жұмысына табыс тілеймін» – деді.

Жеңімпаздарға алған марапаттарыңыз құтты болсын дейміз. Кәсіподақтың жұмыстары биіктерден көріне берсін!

  Ақбота Өсербай.