20 қазан күні Шардара қаласы, «Тұңғыш Президент саябағында» қала күніне орай, Шардара қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен сенбілік өтті.
Сенбіліктің мақсаты – қаланың шырайын әрлендіре түсіп, қаламызды үздік экологиялық таза аймаққа айналдыру, сонымен қатар, жас ұрпақты еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу, қаламыздың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуға баулу.
Сенбілікке 150-ге жуық адам жұмылдырылып, тазалық жұмыстары барынша ойдағыдай атқарылды. Олардың қатарында «Жер қатынастары бөлімі», «Ауыл шаруашылық бөлімі», «Құрылыс бөлімі», «Аудандық жұмыспен қамту орталығы», «Оқушылар үйі», «Саз мектебі», «Сәулет бөлімі», «Спорт мектебі» тағы басқа мекемелер бар. Олар бір ұжым болып, демалыс аймақтарының айналасын абаттандырып, ағаш түптерін әктеп, көшелерді қоқыстан тазартты.
Сенбіліктің өту барысын қарап шыққан қала әкімі Ережеп Бекет тұрғындарға: «Шардара қаласы күннен күнге дамып келеді. Халық саны көбейіп, жаңадан үйлер салынып, балалар ойнайтын алаңдар тұрғызылуда. Әрбір қала, ауыл тұрғындары үшін елді мекендерді абаттандырып, гүлдендіруге, тазалауға өз үлесін қосып жатқандарыңыз көз қуантады. Сіздерге қарап жастар үлгі алады. Бүгінгі сенбілікке атсалысқандарыңыз үшін сіздерге көп рахмет! Қаламыздың тазалығы – біздің беткі айнамыз» – деді.
Сенбілікке қатысушылар қажетті мөлшерде құрал-саймандармен, қоқысты жинауға арналған қапшықтар және қолғаптармен қамтамасыз етілді. Қаланың санитарлық жағдайын жақсарту үшін көріктендіру және жасыл желектерді отырғызу жұмыстарымен қатар қаланың сырт көрінісіне де ерекше көңіл бөлінді.
Шара көтеріңкі көңіл-күймен басталды, оған қатысушылар сенбіліктің маңыздылығын жақсы түсініп, белсенді жұмыс істеді.
Шара соңында мекеме қызметкерлері мен ұйым мүшелері естелік суретке түсіп, жақсы ниетпен үйлеріне тарқасты. Осындай ұжымдық шаралардың адамдарға үлкен әсер беріп, олардың бір-біріне деген сенімдерін ұштай түсері де анық.
Ақбота Өсербай.