Биылғы «Қала күнін» атап өту шаралары әр бағытта жүргізілуде.
Жасөспірімдер арасында марафон жарысы өткізіліп, сенбілік ұйымдастырылып, ағаш отырғызу жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, қаламыздың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлерді құттықтап, сый-сияпаттар тапсырылды.
Қала әкімі Ережеп Бекет тыл ардагері, қаламыздың, ауданымыздың өркендеуіне үлесін қосқан 96 жастағы Әміре Мантеевтің отбасына арнайы барып, «Қала күні» мерекесімен құттықтады.
– Сіздер қала құрылысының алғашқы жұмыстарына қатысып, ерен еңбектің үлгісін көрсеттіңіздер. Сіздердің істеріңіз кейінгі жастарға үлгі. Сіздердің атқарған жұмыстарыңыздың игілігін ұрпақтарыңыз көруде. Немере, шөберелеріңізге ақылшы болып, ұзақ жасаңыз. Алла Сізге зор денсаулық берсін, - деді қала әкімі Ережеп Құдайбергенұлы.
Бұл аптада қала мекемелерінде де ұзақ жыл мекемеде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан ардагерлерін ұлықтап, марапаттау шаралары өтті.
Өз тілшімізден.