Құрметті шардаралықтар және қала қонақтары!

Сіздерді Шардара қаласы күні мерекесімен  шын жүректен құттықтаймыз.

Шардара – Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихы мен тамыры тым тереңде жатқан шаһарлардың бірі. Кейінгі кездегі тарихы 1968 жылдан басталатын Шардара қаласы жарты ғасырды артқа тастап, бүгінгі таңда экономикасы дамыған алдыңғы қалалардың қатарында көрінуде. Қызылқұм алқабын суландыру бүкілодақтық екпінді құрылыс алаңына айналып, Шардараның алғашқы құрылысшылары өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындап,  қаламыздың өсіп-өркендеуіне  өлшеусіз үлестерін қосып, шағалалы Шардараның атағын шартарапқа танытты. Атап өтерлік жәйт – шөл далаға тіршілік бітіріп, Қызылқұм алқабын суландырған алтын қолды құрылысшыларымызға құрметіміз ерекше. 

Көптеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің тағдырлары тоғысқан қаламыздың тарихы қайта зерттеліп, тың деректермен толысуда.  Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Шардара қаласында кең ауқымды жұмыстар жүргізілді. Шардара қаласы жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, жаңарып, жасарып, сәні мен салтанаты келіскен, бүгінгі заманға сай келбетке ие болуда. Қаламызда заманауи инфрақұрылым қалыптасып, жаңа шағынаудандар, көрікті  ғимараттар мен нысандар салынып,  Шардара қаласы қайта түлеп, өрлеу жолына бет  алды.

Қадірлі шардаралықтар!

Баршаңызды Шардара қаласы күні мерекесімен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілейміз. Туған жерімізге жанашырлықпен қарап, қамқорлық жасау – әрбіріміздің перзенттік парызымыз. Шежірелі қаламыздың сәулеті мен дәулеті арта берсін.

      Құрметпен,  аудан әкімі Қ.Жолдыбай,

     аудандық мәслихат хатшысы  А.Қарсыбаев.