Өткен аптада шырайлы шаһарымыз Шардараның қала статусын алғанына 53 жыл толып, апта бойы аталып өтті.
Аэропорт алаңында жасөспірімдер арасында марафон жарысы, сенбілік ұйымдастырылып, ағаш көшеттер отырғызылып, мекемелерде еселі еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, ауруханада қала күні мерекесінде туылғандырға сый-сияпат жасалды. Ардагерлер арасында шахматтан, билярдттан жарыс өткізіліп, бірнеше жаңа нысандардың ашылу салтанаты болды.
Мерекелік шараның соңы жұма күні аудандық мәдениет сарайында жалғасын тауып, сахна пердесі Зәуреш Мауленова жетекшілік ететін «Мерей» фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Ауылға барам», «Бұлқынды жүрек» әндерімен ашылды. Аудандық мәдениет сарайының әншілері Ахмет Молдағұлов пен Бақберген Омаровтың орындауындағы «Кел, досым Шардараға» әнінен кейін мерекелік құттықтау сөз аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлына берілді.
– Көптеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің тағдырлары тоғысқан қаламыздың тарихы қайта зерттеліп, тың деректермен толысуда. Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Шардара қаласында кең ауқымды жұмыстар жүргізілді. Шардара қаласы жылдан жылға қанатын кеңге жайып, жаңарып, жасарып, сәні мен салтанаты келіскен, бүгінгі заманға сай келбетке ие болуда. Қаламызда заманауи инфрақұрылым қалыптасып, жаңа шағынаудандар, көрікті ғимараттар мен нысандар салынып, Шардара қаласы қайта түлеп, өрлеу жолына бет алды, – деген аудан басшысы Қызылқұм алқабын суландыру бүкілодақтық екпінді құрылыс алаңына айналғанын, Шардараның алғашқы құрылысшылары өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындағанын, қаланың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқанын, шағалалы Шардараны шартарапқа танытқанын атап өтіп, оларға деген құрметтің әрқашанда ерекше болатындығын айтты.
Сол сияқты аудандық мәслихат хатшысы Арман Қарсыбаев пен қала әкімі Ережеп Бекет те қала тұрғындарын қала күнімен құттықтап, отбасыларына бақыт пен береке, ынтымақ пен бірлік тіледі.
Шардараның ең үлкен байлығы – оның адамдары, еңбексүйгіш, ынтымағы жарасқан халқы. Кешегі топырағына түрен түспеген Қызылқұм мен Жаушықұм арасындағы жазық даланы көз тартатын, көңілге дем беретін жауһар өлкеге айналдырған абзал ардагерлер мен қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген үздік ел мақтаныштары аудан, қала әкімі мен аудандық мәслихат хатшысының қолдарынан Алғыс хаттар, Қала күніне арналып шығарылған төсбелгілер мен арнайы сыйлықтарға ие болды. Олардың араларында Тәңірберді Ағманұлы, Жамал Өтеген- қызы, Оралбай Бердалыұлы, Тоқсанбай Бердібеков, Тұрсынқұл Байтұрғанов, Жамантай Жаңабаев, Дәулет Үзденбаев, Нұрмаханбет Сапаров, Демесбек Икрашұлы секілді жиырмадан астам азаматтар бар.
Мерекелік шарада ақын Құрманбек Шәметов «Арнау» өлеңін оқып, «Мерей» фольклорлық ансамблі мен аудандық мәдениет сарайының әншілері Шардара, туған жер туралы әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ж.Жігерұлы