Өткен аптада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов ауданымызда болып, балық өңдейтін өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Облыс әкімінің орынбасары ең алдымен "Жалғасбаев" балық өңдеу зауытында, "Vita" торлы шарбақты және тоғандарда балық өсіру бассейндерінде болды. Сондай-ақ, "Хамит" балық өңдеу зауытына барып, балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен кездесті. Жиын барысында кәсіпкерлер тарапынан Шардара су қоймасындағы ағын су деңгейі, балық азығының сапасын арттыру арқылы тұқымын асылдандыру, балық шаруашылығын несиелендіру және субсидиялау бойынша бірқатар мәселелер көтерілді.

Сонымен қатар, кездесу барысында аудан әкімі Қ.Жолдыбай аудандағы балық  шаруашылығына байланысты қосымша атқарылуға тиісті жобалар мен мүмкіндіктерді атап өтті.

Жан-жақты мәселелерге қанық болған облыс әкімінің орынбасары Р.Аюпов кәсіпкерлердің мәселелерін жеке-жеке сұрап, оны шешу бойынша тиісті жұмыстар жүзеге асырылатынын және республикалық деңгейде шешуді талап ететін түйінді мәселелерді салаға жауапты министрлікке жеткізетінін айтты.

Бастысы, аудандағы балық өнімділігін екі есеге арттыру бойынша жұмыс атқару қажет екендігіне баса назар аударды. 

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.