Достық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жора Амановтың және ауыл әкімшілігінің ұйымдастыруымен бір топ ауыл ардагерлері
таяуда облысымыздың орталығы, түркі әлемінің астанасы атанған Түркістан қаласына саяхаттап қайтты. Іс-шараны ұйымдастырушы Ж.Амановпен бірге ауылдың бір топ ардагерлері – Әмзе Мұсәлі, Жарылғасов Жаупер, Қыдырбаев Айдынғали, Жұмаев Асан, Райымқұлов Әбдірасыл және мен саяхат жасап қайттық.
Саяхатқа шығушылар 24 қыркүйек күні таң ертең мәдениет үйі алдына жиналып, жүрер алдында батагөй үлкендеріміз бата беріп, 7 адам сиятын автокөлікке отырып Түркістанға бет алдық.
Бірінші кезекте баптардың бабы саналатын Арыстанбаб әулиесіне тоқтап, зиярат жасадық. Ішке кіріп, құран-дұға бағыштадық.
Түркістанға жүрер алдында Әбдірасыл Райымқұлов есімді кәсіпкер сол жердің асханасынан дәм таттырды. Тамақтанып болған соң Түркістанға бет алдық. Осы жерде «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ауыл ардагерлерінің Түркістан қаласына барып қайтуына демеушілік жасаған азаматтарымызды айтпауға болмайды. Ауыл әкімі Рахымжан Әнуарбек барып қайтатын автокөліктің қаражатын төлесе, ал кәсіпкер Әбдірасыл Райымқұлов тамақтану шығындарын өз қаражатынан төледі. Қожа Ахмет Яссауи мавзолейіне кіру билетін Жора Аманов төлеп отырды.
Түкістанға барған соң шаһарды аралап, тамашалап, көргендегі әсеріміз өте күшті болды. Түркістан мавзолейінің ішіне кіріп араладық, құран бағыштадық. Түркістан қаласы қазіргі кезде адам танымастай болып өзгеріпті. Әсем, көркем, көрікті қалаға айналып келеді екен. «Керуен сарай» өте әдемі екен, бізге қатты ұнады. Қаланың жаңадан салынып жатқан құрылыстарын да аралап көрдік. Бір күндік саяхатымызда кереметтей әсер алдық. Кешке қарай ауылымызға қайттық.
Достық ауылының ардагерлеріне көңілді саяхат ұйымдастырып, демеушілік жасаған ауыл әкімі Рахымжан Әнуарбекке, Жора Амановқа, Әбдірасыл Райымқұловқа ауыл ардагерлері шын жүректен дән ризалығын білдіреді.
Әсерлі саяхаттар алдағы уақыттары өз жалғасын табады деп сенеміз.
Үсен Қалыбаев, Достық ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз.