Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған соң тарихи күнде, 1991 жылдың 16 желтоқсанында жүзеге асты.
Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді. Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз. Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты.
Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, елімізде кең көлемде түрлі шаралар атқарылып жатыр. Күні кеше аудан орталығында аталған мерекеге орай, «Тәуелсіздік құрдастары Мәңгілік Ел үшін!» атты аудан әкімімен тәуелсіздік құрдастарының еркін форматта кездесу кеші өтті.
Кездесуде аудан әкімі Қайрат Жолдыбай «Елбасымыздың 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына ену туралы тапсырмасын орындау үшін әрқайсысымызға қажырлы еңбек етіп, тер төгуге тура келеді. Сондықтан тек адал еңбек қана биік шыңдарға жеткізіп, әр адамның алға қойған мақсаттарының орындалуына жол ашады» – деді.
Ауданның белсенді жастары, тәуелсіздік құрдастары, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы, қала, ауыл округтері бойынша делегация құрамында келген жастар аудан әкімімен еркін пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Жастар тарапынан аудан әкіміне біраз сұрақтар қойылды. Елінің бүгіні мен ертеңіне бейжай қарамайтын жастардың «Соңғы 2 жылда пандемияның алдын алу үшін қандай іс-шаралар жүзеге асты?», «Шет ел мен еліміздегі оқудың айырмашылығы қандай?», «Ауыз су мәселесі қашан толық шешіледі?», «Қаламызда газ құбыры толықтай қашан іске қосылады?» деген сұрақтарына аудан әкімі жан-жақты кеңінен жауап берді. Сондай-ақ, шара барысында өз кәсіптерін ашқан тәуелсіздік құрдастары – Биташев Бауыржан, Жұртбаева Нұргүл, Серікбаева Қарашаш өздері дайындаған қолөнер бұйымдарын көпшілікке таныстырды.
Кездесу барысында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып жүрген, еселі еңбек етіп жүрген тәуелсіздік құрдастарын аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Алғыс хатпен марапаттады. Атап айтсақ, қол күрестен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Мағжан Шәмиев, тәуелсіздік құрдасы, «Қоссейіт» жалпы орта мектебінде бастауыш сыныбының мұғалімі, бірнеше аудандық, облыстық өнер байқауының жеңімпазы Қарашаш Серікбаева, №16 колледждің белсенді жасы, өзін-өзі басқару ұйымының жетекшісі, облыстық квест ойынының жеңімпазы Саят Бидәулет, тәуелсіздік құрдасы, кешегі Арыс қаласында болған жарылыста, Мақтааралда болған су тасқыны мен пандемия кезінде белсенділік көрсеткен нағыз волонтер жас, Қ.Тұрысбеков ауылдық округі бойынша аудандық «Жастар ресурстық орталығының» әдіскері Ерік Әмірбек, кешегі қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында жастар арасында өткен телевизиялық Халықаралық Таланттар әлемі өнер байқауында вокал бойынша Бас жүлдені иеленген Ұзын ата ауылдық округінің жасы – Арыстан Өтегендер осындай марапаттарға ие болды.
Кездесу соңында тәуелсіздік құрдастары аудан әкімі Қайрат Жолдыбаймен бірге ағаш көшеттерін отырғызды.
Ақбота Өсербай.