15 қараша – төл теңгеміздің туған күні. Әнұран, Ту және Елтаңба сияқты ұлттық валюта да мемлекеттік нышандардың қатарына жатады.

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев: «Біздің еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің жарқын туындысы – біздің астанамызда теңгенің алғашқы пайда болуы, халықтың және болашақ ұрпақтың игілігіне қызмет етсін» – деп айтқанындай, бүгінде ұлттық валюта халқымыздың игілігіне жарауда. Сонымен қатар, 15 қараша – экономиканың қаржы секторы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде де аталып келеді.

Бұл датаның еліміз үшін маңызы жоғары. 1993 жылы ұлттық валютамыздың енгізілуі Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толғалы отырған егемен еліміздің тарихындағы ең бір айтулы оқиғалардың бірі.

Төл теңгеміздің пайда болуын халқымыз зор қуанышпен және үлкен сеніммен қарсы алды. Себебі, сол кезеңдегі Қазақстанның басынан кешкен экономикалық қиыншылықтарының басым бөлігі қаржы айналымында рубльдің тым көп көлемінің болуымен тікелей байланысты еді. Ал, өнеркәсіптік өндіріс, ауыл шаруашылығы құлдырау үстінде болатын. Міне, осындай күрделі кезеңде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың теңгені айналымға енгізу туралы шешімі шын мәнісінде көрегендік әрі дер кезінде қабылданған шешім болды. Бұл Қазақстанның дамуының даңғыл жолына түскендігін айғақтады, себебі валюта кез келген мемлекеттің егемендігінің ажырамас бөлшектерінің бірі болып табылады. Ұлттық валютаның енгізілуімен қатар 1993 жылы мемлекет басшылығы бүкіл қаржы жүйесін нығайту бойынша кешенді шаралар қабылдады. Соның арқасында, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында толайым табыстарға қол жеткізе алды.

Елбасының берген тапсырмасына сәйкес ұлттық валюта 1993 жылғы 12 қарашадағы Жарлығымен 15 қараша күні таңертеңгі сағат 8.00-ден бастап енгізіліп, елдің қолына тиді. Тұңғыш мәрте айналымға енгізілген төл теңге халыққа үлкен қуаныш сыйлағанын ұмыта қойған жоқпыз. Себебі, өз ұлттық ою-өрнегімізбен басылған жап-жаңа теңгелер тәуелсіздігіміздің басты белгісі еді. Биыл теңгеміздің айналымға шыққанына 28 жыл толып отыр.

Барша әріптестерге, қаржы саласында еңбек етіп келе жатқан мамандарға кәсіби мерекеміз – ұлттық валюта және қаржыгерлер күні құтты болсын демекпін! Біздер барлық уақытта да ел экономикасының қаржы әлеуетін дамыту және күшейту бағытында аянбай еңбек ете беретін боламыз. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

         Бауыржан ЖЕТПІСБАЕВ, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы.