Ағымдағы айдың 4-ші жұлдызында ауданымыздың бір топ еңбек ардагерлері, Семей сынақ полигонына қатысушылар және аудандық Аналар Кеңесі мүшелерінен құралған топ облыс орталығы, түрленген Түркістан қаласына саяхаттап қайтты. 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің арнайы шақыртуымен биылғы  жылы екінші рет аудан деңгейінде құралған сапарлаушы топты Шардарадан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков шығарып салды.

Шардара аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Байдулла Рахматуллаев пен аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесовтер басшылық еткен топ алдымен Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесіне аялдап,  киелі орынға зиярат етті.  Шардаралық саяхатшыларды Түркістан қаласынан күтіп, кезінде Шардара ауданының әкімі болған, облысқа танымал еңбек ардагері Серікбай  Ибадуллаев қаладағы кейінгі салынған «Керуен сарай» кешеніне бастап жүрді. Сәні мен сәулеті келіскен «Керуен сарай» кешенін толыққанды тамашалаған ардагерлер төрткүл дүниеге танылған «Әзірет сұлтан» қорық музейі құрамындағы Қожа Ахмет Яссауй кесенесіне едәуір уақыт аялдады. Тек қана ислам әлемі емес, дөңгеленген дүниеге мәшһүр болған «Әзірет сұлтан» қорық музейіне енген тарихи нысандарға тәу еткен шардаралықтар атынан Асылхан қажы Данияров әруақтарға құран бағыштады. Мұнан соң Түркістандағы «Наурыз» дәмханасына аялдаған шардаралықтарға Серікбай Ибадуллаев қонақасы ұйымдастырып, дастарқан басында елдік, мемлекеттік мүдде тұрғысындағы әсерлі әңгімелер айтылып, келелі кеңес өткізілді. Қыстау Ілесов жүргізген қонақасы барысында Байдулла Рахматуллаев, Аман Жахан, Нұрманов Мырзатай, Таған Әліпбаев, Асылхан қажы Данияров, Таңбаев Жаңбырбай, Есенбай Бейсенбиев, Сабыр Мұратов, Тоқсанбаев Назарбайлар пайымды пікірлерімен бөлісіп, Тәуелсіз еліміздің баянды болашағына ардагерлер атынан үлес қосатындықтарын жеткізді.

Түркістан сапарының келесі бөлігі қаладағы жаңадан бой көтерген әкімшілік-іскерлік орталығында жалғасты. Облыс әкімдігі аппараты, облыстық мәслихат және департаменттер мен басқармалар орналасқан әсем ғимараттардың көркіне тамсанған жерлестеріміз түркі дүниесі төрінің жарқын болашағына тағы бір рет көз жеткізді.

«Шардара автобус паркінің» жайлы да жүйрік автобусымен саяхат құрған ардагерлер қаланың кең даңғылдарымен облыс орталығын емін-еркін аралап шықты. Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі мен Түркістандағы бүкіләлемдік ескерткіштердің ЮНЕСКО тізіміне енген «Әзірет сұлтан» қорық музейінде сан мәрте суретке түскен ардагерлер қауымы тарихы терең түрленген қаланың бүгінгі келбетіне тамсанумен болды.

Ардагерлер саяхатына шардаралық меценат-кәсіпкер, еңбек ардагері Айтмырзаев Рахым демеушілік жасады. Сонымен қатар, мағынасы зор саяхаттың ұйымдастыру жұмыстарына аудандық  сайлау комиссиясының төрағасы Есенбай  Бейсенбиев ерекше атсалысып, осы жолдардың авторы қолғабыс етті. 

Н.Смайылов, Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.