Соңғы 2-3 айдың көлемінде аудандық тарихи-өлкетану музейі тарапынан әр ауылдық округ жайлы арнайы көрме ұйымдастыру дәстүрге айналып келеді.
Бұған дейін аталған мекеме бірнеше ауылдық округ жайлы жылы жүзді жүздесу ұйымдастырған. Өткен аптада музей меңгерушісі Нұрлан Смайыловтың басшылығымен Достық ауылының кешегісі мен бүгіні жайлы «Достықтың даңқы» атты көрме ұйымдастырылды.
Шараға қатысушылар көрмеге қатысты пікірлер айтып, Достық ауылының өткен тарихына көз жүгіртті. Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, Достық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жора Аманов, Достық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жанар Мамыраева, еңбек ардагері Алдаберген Хұдайбергенов, Достық жалпы орта мектебінің директоры Марат Байыровтар ауылдың тарихы жайлы сөз қозғап, қызықты естеліктермен бөлісті.
Аталған көрмеде Достық ауылының тыныс-тіршілігі, экономикалық жағдайы, білім саласы мен мәдениеті сөз болды. Сонымен қатар, ауыл ақсақалдарының көшін өрге сүйреген ел ағасы Әмзе Мүсәлінің жәдігерлері дәріптелді. Көрме жәдігерлерін жинақтауға ерекше атсалысқан Жора Аманов пен Үсен Қалыбаев ағамызға үлкен алғысымызды айтамыз.
Алдағы уақытта Достық ауылының мәртебесі асқақтап, мәдениеті көркейе беретініне сенімдіміз!
Ақбота Өсербай.