Аудандық кәсіпкерлік бөлімінде «Атамекен» ҰКП Шардара аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудан кәсіпкерлерінің өзекті мәселелерін талқылау мақсатында жиын өтті.
Оған кәсіпкерлер, прокуратура, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, сәулет және қала құрылысы мен кәсіпкерлік бөлімдердің басшылары қатысты.
Жиынды «Атамекен» ҰКП Шардара аудандық филиалының директоры Қамбаров Жәнібек Үсенұлы ашып, жүргізіп отырды.
Қала, ауыл округтерінен келген кәсіпкерлер көкейінде жүрген мәселелері мен сұрақтарын қойды. Көксулық Пердебай Пірмәнов сатып алған ғимаратын заңдастыруда, яғни, мемлекеттік акт, нысанасын ауыстыру, қабылдау актілерін алуда қиындықтар туындағанын, көп уақытын жоғалтқанын айтса, өзгелер үйді кепілге қоюда дұрыс бағаланбайтындығы, жеңілдік несиеге қол жеткізу жолдары, малға несие алу, басқа да мәселелер бойынша сұрақтар қойды.
Аудан прокурорының орынбасары Дәрібай Қанат Барысұлы қойылған сұрақтардың барлығына толықтай жауап беріп, прокуратураның кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауда атқарып жатқан жұмыстарының бір парасымен таныстырып өтті. Көксу ауылдық округінің бас маманы Қалдарбек Құдабайұлы ауылдағы 42 кәсіпкердің қазіргі таңда үздіксіз жұмыс жасап, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп жатқандығы, жаңадан Пердебай Пірмановтың жүз балаға арнап балабақша, Ерманов Жұмаділланың техникалық қызмет көрсету орталығын ашқалы жатқандығын айтып, бұның бәрі «Атамекен» ҰКП Шардара аудандық филиалы мен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жүйелі жұмысының жемісі деді.
Жиынды Жәнібек Үсенұлы қорытындылап, алдағы кезде де кәсіпкерлердің құқықтары қорғалып, оларға қолдау көрсетіле беретіндігі жөнінде айтты.
Жаңабай ӘЛІҚҰЛҰЛЫ.