1745 жылдың 13 қарашасында Франция жерінде белгілі педагог, Париж және Петербург қалаларында зағиптарға арналған бірнеше мектеп ашушы Валинтин Гаюи дүниеге келген.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен В.Гаюидің дүниеге келген күні Халықаралық зағиптар күні деп белгіленді.
Жоғарыда аталған айтулы датаға орай, таяуда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйытқы болуымен аудандағы көру қабілетінен айырылғандар мен нашар көретін азаматтарға арналған қайырымдылық шарасы өтті. Бұл шараға демеуші болған бұған дейін де жақсы істерге жанашырлық танытып жүрген қала орталығындағы «Әлихан» сауда үйі екендігін баса айтып кеткен жөн. Аталған сауда үйі әр отбасыға 50 келіден ұн таратып, шараға қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге, іс-шараға қатысқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Орынша Қалшабекова қайырымды жандардың қайырлы ісіне алғыс айтып, істеріне береке тіледі. Демеушілер мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында дәнекер болып жүрген «Шардара аудандық зағиптар қоғамының» төрағасы Бекдәулет Сейдахметовке де көпшілік өз ризашылығын білдірді.
Өз тілшімізден.