ЕЛБАСЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕКШЕ МӘНГЕ ИЕ
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды дәстүрлі мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
1991 жылдың 1 желтоқсанында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланып, Қазақ елі мен жерін тар жол-тайғақ кешу талай кезеңдерден сүріндірмей, әлем мойындаған мемлекеттің негізін қалады. Әр елдің болашақ тағдырын айқындайтын тарихи кезеңдері болады. Осындай сәтте Елбасының «Біз мемлекет құрдық. Құрғанда да аты бар да заты жоқ мемлекет емес, бүкіл адамзат танитын, танып қана қоймаған–мойындайтын, құрметтейтін мемлекет құра алдық» - деген сөзі ойға оралады. Сондықтан елдегі игіліктердің барлығы Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланысты.
Ол Президент ретінде еліміздің тұтастығын ғана сақтап қоймай, Қазақстанды экономикалық тұрғыда да алға бастады. Нұрсұлтан Әбішұлы әуел бастан экономикалық реформаларды саясаттан бұрын қойды. Ең қиын-қыстау кезеңдердің өзінде де ұлт болашағын, халықтың келешегін айқындайтын қадамдарға барды.
Тәуелсіздігіміздің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз дамудың даңғыл жолымен келеді. Қазақта: «Тарихты тұлғалар жасайды» деген сөз бар. Әр ұлттың өзіндік тарихын қалыптастырған ұлы тұлғалары болады. Олар қаншама уақыт өтсе де, сол ұлттың данасы ретінде санаға бекіп, адамзаттың ортақ азаматына айналады. Бұл ретте, егемен Қазақстанның негізін салудың және нығайтудың тарихи миссиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елі сүйген Елбасы барша қазақстандық азамат мойындаған және халықаралық қоғамдастық тарапынан зор құрметке ие болған кемеңгер тұлға.
Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқан 30 жыл ішінде еліміз күллі әлем танып, мойындаған еңселі мемлекетке айналды.
Бұл – ғасырлар тоғысында ата-бабалар аңсаған азаттық алауын жаққан, Алаш баласының басына бақ орнаған күн. Сондықтан, бұл мереке – тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп келе жатқан мемлекетіміз үшін маңызы мол, тарихи тағылымы терең бүкілхалықтық мерекеге айналды.
Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, болашаққа бағыт-бағдар берген, бүгінгідей біздің беделді әрі қуатты мемлекетке айналуымызда – Елбасының еңбегі ұшан-теңіз.
Осы орайда, Елбасының Қазақстан тарихында айрықша орны бар тұлға екені қазірдің өзінде уақыт сынынан өтіп, айқындалды дей аламыз. Себебі, еліміздің барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығы мен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің нәтижесінде келді.
Қазақстан халқы ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуының шын мәнінде бірлік пен татулықтың озық үлгісін көрсетіп отыр. 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болып, қазіргі таңда бұл үлгіні өзге мемлекеттер де жүзеге асыра бастады.
Елбасының бастамасымен, Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, бар жоғы 3 жыл ішінде бүкіл Түркі жұртының қасиетті мекені, киелі Түркістан қаласы еліміздің рухани астанасы мен туризм орталығына айналды.
Құрметті шардаралықтар!
Қандай жетістікке болмасын бәріміз бірлесе, біріге атқарсақ қана қол жеткізе аламыз. Еңбекте бәріміз бірлігімізге бекем, ынтымағымызға ұйытқы болайық. Өйткені бізді бір Отан, бір тағдыр біріктіріп отыр. Баршаңызды мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақыт, қуаныш, еңбектеріңізге толағай табыстар тілейміз!
Аудан әкімі Қ.Жолдыбай.
Аудандық мәслихат хатшысы А.Қарсыбаев.