Тұңғыш Президент күні мен ҚР 30 жылдығы қарсаңында Жаушықұм ауылында «Ұлттық ойын – ұлттық мақтаныш» атты тоғызқұмалақ,
асық ату, ләңгі тебу, қошқар көтеру және арқан тарту спорттық ойын түрлерінен жастар арасында аудандық ашық біріншілігі ұйымдастырылды. Шараға қала, ауыл және елді мекендерден қатысушылар жиналды.
Жиынға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев айтулы мерекеде ұйымдастырылған ұлттық спорттық шараның маңызына тоқталып, аудандағы спорт саласының бүгінге дейінгі жарқын жетістіктерін тілге тиек етіп, жарысты ашып берді. Сонымен қатар, Жаушықұм ауылының ардагер ақсақалдары өз ыстық лебіздерін білдіріп, ақ батасын берді.
Жалпы жарысқа 11 команда қатысып, сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды Шардара қаласы, 2-орынды Сүткент және 3-орынды Жаушықұм ауылы иеленді. Шара соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаздарды марапаттады. Жеңімпаздар арнайы кубок, Алғыс хат және ақшалай сыйлықтарға ие болды.
«Өскен өңір» – ақпарат.