Таяуда Түркістан облысының тарихи-мәдени, табиғаты ерекше жерлерін, тарихи тұлғаларын жұртшылыққа кеңінен таныстыру арқылы аудандағы

туризм саласын дамыту мақсатында Шардара ауданында орналасқан «Ұзын Ата» кесенесінің жанынан тарихи-танымдық музей мен ескерткіш тақтайша ашылды. Музейдің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен «Ақ жол» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әлімхан Әбжанов, тарихшылар мен өлкетанушылар, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.

Қонақтар кесененің қазіргі жағдайымен, жүргізілген жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Өмірден өткендердің рухына құран бағыштап, елдің тыныштығы мен ынтымағын тілеп, дұға жасасты. Мавзолей маңынан табылған тарихи құндылықтарды тамашалады.

Ежелгі аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Зеңгі Атадан бата алған Ұзын Атаның шын мәнiндегi аты – Асан Ата деседi. Атақонысы – осы Ұзын Ата – Тайпақ екен. Әр сөзi дуалы Асан қария Ақсақ Темiрдiң бас кеңесшiлерiнiң бiрi болған деген де аңыз бар. Атақты Әмір Темірдің бұйрығымен XIV ғасырдың соңында толықтай күйдірілген кірпіштен тұрғызылған мавзолей – орта ғасыр ескерткіштерінің арасындағы бүтіндей сақталып қалған санаулы ғимараттардың бірі.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай тарихи құндылықтарды қастерлеп, әлемге таныту ісінде қолұшын созуға қашан да дайын екендігін жеткізді.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша алдағы уақытта мавзолей маңынан зиярат жасаушыларға арналған 500 орындық мешіт пен 50 орындық заманауи қонақ үй, автотұрақ пен асхана салу, ескерткіш мүсін мен құлпытастар орнату жұмыстары жүргізілмек. Аталмыш нысандардың құрылысына «Ұзын ата» қоры демеушілік жасап отыр.

Таяу жылдардан соң "Ұзын ата" кесенесі аудан тұрғындары ғана емес, облыс, республика халқы тамсана тамашалайтын киелі орынға айналмақ.

«Өскен өңір» – ақпарат.