Кешегі аптаның сенбісінде ауданымыздағы ең үлкен ауыл болып саналатын Алатау батыр ауылының Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген 50 жылдық мерейтойы шат-шадыман көңілмен аталып өтті. 

Салтанатты шараны аудан әкімі Қ.Жолдыбай мен аудандық мәслихат хатшысы А.Қарсыбаев ақсақалдармен бірге ағаш отырғызумен бастады. Сондай-ақ, округтің орталық алаңына тігілген киіз үйлерді аралап, қазақы нақышта безендірілген үйлерге жоғары бағасын беріп, қолөнер көрмесін тамашалады. Ауылдық округтегі екі мектеп – С.Кәттебеков атындағы және Қазақстан жалпы орта мектептері мен аурухана, «Бәйшешек», «Балдәурен» балабақшалары тіккен ақшаңқан киіз үйлер алыстан көз тартып тұрды.  Мектептердегі қолөнер үйірмесінің жетекшілері мен оқушылардың қолынан шыққан түрлі дүниелер көрмені тамашалаушылардың назарын аударды. Мұнан соң аудан әкімі мен мәслихат хатшысы, ауыл ақсақалдары Алатау батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Ауылдық мәдениет үйіндегі мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалаушы жандардың қарасы көп болды. Мәдениет үйіне кіреберісте өнерпаздар қазақтың күйлерін төгілдіре тартса, ұлттық киім киген 30 жас келін қонақтарға иіле сәлем салып тұрды. Салтанатты шараға аудан әкімі мен мәслихат хатшысы қатысып, шараға жиналған халық алдында құттықтау сөз сөйледі.

«Жарты ғасырлық тарихы бар Алатау батыр ауылдық округі бүгінде ауданда да көш басында. Осыдан 50 жыл бұрын негізі қаланып, елге адал еңбек етудің озық үлгісін көрсетіп кеткен ата-апаларымыздың өнегесін жалғастырып, адал еңбекпен еңсе тіктеп келе жатқан сіздердің де ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлестеріңіз бар.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар келген округтің жарты ғасырлық мерейтойы баршаңызға құтты болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке мен бірлік тілеймін! Ұрпақ тәрбиесі мен ұлтаралық татулықты сақтау бағытындағы еңбектеріңіз жана берсін!»-деген аудан басшысы өңірдің дамуына үлес қосқан ел ағаларына өз атынан Алғыс хаттар табыс етті. Келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Арман Романұлы еселі еңбектерімен еленген Ақберді Байманов пен Дүйсен Лесовке «Ауданның Құрметті азаматы» төсбелгісін тақты.

Мерекелік шара соңы отандық және жергілікті эстрада жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласты.

Осы күні спорттың бірнеше түрінен мерекелік турнир де ұйымдастырылды. Жарысқа қатысушылар кіші футбол, қазақша күрес, үстел теннисі бойынша сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтады. Жүлдегер деп танылғандар қомақты сый-сияпатқа ие болды.

Ауыл шетіндегі «Ақұштап» мейрамханасында ұйымдастырылған дастарқан басында бір кездері еңбектің көрігін қыздырған аға буын өкілдеріне аудандық ардагерлер кеңесінің, ауыл әкімінің марапаттары табысталды. Тәуелсіздік пен ауыл құрдастары, 50 және 30 жыл отандасқан округтегі үлгілі отбасылар марапатталып, оларға сый-құрмет көрсетілді. Ақындар жырдан шашу шашып, өнерпаздар әуелете ән салды, дөңгелене би биледі. 

Өз тілшімізден.