Қазақ халқының ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай ауданымызда көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Өткен аптаның жұмасында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы аясында «Мен Тәуелсіздікті жырлаймын» атты жергілікті ақындар арасында аудандық мүшәйра болып өтті.

Аталмыш шараға бастан-аяқ қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев жыр бәйгесінің ашылу салтанатында қатысушылар мен қонақтарды аудан әкімі атынан құттықтап, үміткерлерге сәттілік тіледі. Сонымен бірге қаламды жандарына серік етіп, жалынды жырларымен жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп келе жатқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.

Өнер мен мәдениет саласын қастерлеп, ерекше қолдау көрсететін шаһар басшысы Ережеп Бекет те айтулы аламанға қатысушыларға өз атынан Алғыс хаттар табыстап, бірқатар ақындарға қала күніне арналған мерекелік төсбелгілерді тақты.

Жыр аламанына көптеген мүшәйралардың жеңімпаздары атанып жүрген аға буын азулы ақындармен қатар, ұшқыр қаламынан жырдың сұлу тамшылары төгілген ақиық ақындарымыздың жолын қуып, өнер әлемінде қалықтағысы келетін, келешегінен үміт күттіретін жас ақындар да қатысты.

Жаһұтты жырларын мерекеге тарту еткен 20-ға жуық ақындардың шама-шарқын, шабысын сынау мақсатында тәуелсіздік тақырыбында жазылған өлеңдерін қазылар алқасы саралап, жүзден жүйрігін анықтады. Қазылар алқасының іріктеуінен іркілмей өткен ақындардың өлең шумақтарынан азат елдің азаматына сай жалын, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік лебі еседі. Бірі, тәуелсіздікті тарту еткен құрбандардың ерлігін жырласа, енді бірі өздерін бақытты елдің азаматтары екендігін өлеңдерімен өрнектеді.

Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз сарыла күткен Тәуелсіздік мерекесіне арналған мүшәйраның қорытындысы бойынша Қ.Тұрысбеков ауылынан келген Мадина Нышанбай «Мәдениет бөлімінің арнайы жүлдесін», Тұрғанбек Қанаев «Тәуелсіздік нұры», Құрбанбек Шәметов «Аудан әкімінің арнайы жүлдесін» иемденді. Сүткент ауылынан келген Жанәділ Сейдан, Хамит Жұмабеков және «Өскен өңір» газетінде қызмет атқарып жүрген Ақбота Өсербайлар жүлделі 3-орынды иеленді. Бекжұма Нарбай мен Қанат Дауылбаевтар 2-орын иегерлері деп танылса, 1-орынға Нұрғали Ыбырайым лайықты деп танылды. Жыр мүшәйрасының Бас жүлдесін Қарсыбай (Қасқыр ақын) Серікбайұлы жеңіп алды.  

Жүлдегерлер арнайы дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Өз тілшімізден.