Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай ауданымыздан «Әлем Халықтары Жазушылары Одағының антологиясы» атты жыр кітабына шығармалары енген ақындарды қабылдады. Аудан басшысы ақындарды құттықтап, оларға бағалы сыйлықтар табыстады.

«Әлем Халықтары Жазушылары Одағы» әлемнің 92 мемлекетімен тығыз байланыста. Мақсаты – қазақ әдебиетін әлемге таныту. Аталмыш одаққа Шардара ауданының 7 ақыны мүше. Жуырда «Әлем Халықтары Жазушылары одағының антологиясы» (1-кітап) жарық көріп, Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында тұсауы кесілді. Бұл кітапқа жалпы Республика бойынша іріктеуден өткен 28 ақын еніп отыр. Ал Түркістан облысы бойынша 7 ақын кітапқа енсе, оның ішінде 4-еуі шардаралық шайырлар.

«Әлем Халықтары Жазушылары Одағының» Оңтүстік аймақтағы (Қызылорда, Түркістан,  Жамбыл облысы мен Шымкент қаласы) басшысы Жанәділ Сейдан, ақындар – Ажар Сламова, Ғайбулла Бектөреев және Хамит Жұмабековтың шығармалары кітапқа енген.

– «Құрметті Қайрат Жолдыбайұлы! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында біздерді  елеп-ескеріп, құттықтап, құрмет көрсетіп жатқаныңызға рахмет. Сіздің бұл қабылдауыңыз біздерді жігерлендіріп, шабытымызды шыңдай түсетіні анық. Сізге барлығымыздың атымыздан алғысымызды айтып, жұмысыңызға сәттілік, деніңізге саулық тілейміз» – деді ақын апайымыз Ажар Сламова.

Апайымыздың ыстық лебізін тыңдап, рахметін алған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ақындарымызға қаламдарыңыз ұштала берсін, алар асуларыңыз бен жетістіктеріңіз көп болсын деп тілек білдірді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында аудан әкімінен Алғыс хат алған жыр сүйер ақындарымыз көңілдері марқайып, қуанып қайтты. 

 Аудан әкімінің баспасөз қызметі.