Кешегі аптада армрестлингтен Румыния елінің астанасы Бухарест қаласында өткен 42-ші Әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.

Жер жүзінің кіл білекті мықтылары күш сынасқан додада біздің жерлестеріміз алты күн бойы Қазақстан Республикасының намысын қорғады.

Жүректілер мен білектілер жарысының алғашқы күнінде жасөспірімдер және жастар арасында бақ сынаған жерлестеріміз әлемнің түкпір-түкпірінен «мен» – деп келген талай мықтыларды қоғадай жапырып жеңіп, 22 алтынды (күміс пен қоланы айтып жатқанымыз жоқ) қоржынға салды.

Ересектер арасында сынға түскен спортшыларымыз 3 алтын алқаға қол жеткізді.

Ешбір мемлекеттің спортшылары Әлем біріншілігінде 25 алтынға қол жеткізбеген. Рекорд! Бұл рекордты бұзса, өзіміздің жерлестеріміз ғана бұза алады!

«Біздің бұл жеңісіміз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнаған тартуымыз» – дейді сом білекті, зор жүректі жерлестеріміз. 

Қол күресі бойынша шардаралықтар әлемді мойындатты. Жер жүзінің небір мықтылары біздегі "Армспорт" клубындағы спортшылардың қалай жаттығатынын көздерімен көріп, таңдайларын қағып кеткені әлі есімізде.

Атақты балуан, қол күресі спортының негізін қалаушы, аудандық мәслихат хатшысы Қарсыбаев Арманның артынан ерген «арландарына» алдағы уақыттары да жеңісті жолдар тілейміз!

«Өскен өңір» – ақпарат.