Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ спорттық ойын түрлері бойынша жарыс өткізілді.

Спорттық шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев сөз сөйлеп, жарысқа  қатысушыларға сәттілік тіледі.

"Құрметті спорттық шараға жиналған көпшілік, баршаңызды тұғырлы мерекеміз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл қастерлі мерекеге осында отырған әрбіріміздің қосқан үлесіміз бар. Әрине, бұл бірлігіміз бен, бірі-бірімізге деген бауырмалдығымыздың арқасы.

Бүгінгі сайыс ұлы мереке күнінде өткізілуінің өзі бірлігімзді арттырумен қатар, абыз ақсақалдарымыз бен мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа деген ынтасын арттыру.

Өздеріңізге мәлім, кеше ғана ауданымыз бір жылдың ішінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, 30 Әлем чемпионын шығарып, мерекеге теңдессіз қуаныш тарту етті. Сондай-ақ, Шардара ауданының 55 жылдығына ауданымыздан 56 Әлем чемпионы шығып, айтулы күнге үлкен сый жасады. Бұдан бөлек,  ауданымыздан бірнеше жүздеген Азия және Қазақстан чемпиондары шығуда. Бұл ауданымыздың спорт саласындағы қыруар еңбегінің арқасы деп білемін.

Сіздер де тынбай еңбек етіп, машықтансаңыздар мүмкін емес нәрсе жоқ дер едім" – деді Б.Шомпиев.

Ізінше, зияткерлік спорт түрлерінен ойындар тартысты түрде басталып кетті. Сайыстың қорытындысы бойынша, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов жеңімпаз болған азаматтарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, барша қатысушыларға да ынталандыру димломдары мен сый-сияпаттар табыс етілді.

Мерекелік шараға риза болған ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.

Р.Пердебек.