Ауданымызда «Үркер-25» қоғамдық бірлестігі 2019 жылы құрылып, оның төрағасы болып еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы, қажы Сламбек Мергенбаев бекітілген.
Оны құрудағы негізгі мақсат халық арасында ынтымақтастықты, руханиятты, имандылықты, бірлікті насихаттап, сонымен қатар, аз қамтамасыз етілген отбасыларға, жағызілікті жандарға бірлестік жанынан құрылған арнайы қор арқылы қайырымдылық шараларын да жүргізу. Халық пен билік арасындағы байланысты нығайту.
Бірлестік құрылғаннан бергі мезгілде көптеген мұқтаж жандарға қаржылай, заттай қайырымдылық шараларын өткізді. Үйлерінің құжаттарын заңдастыру, жер алу мәселелері бойынша да көмек көрсетілді. Бірлестіктің әр ауылдағы мүшелері бір-бірімен тығыз байланыста.
Осындай қайырымдылық шарасы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі қарсаңында болды. Бірлестік төрағасы Сламбек Мергенбаевтың ұйымдастыруымен небәрі екі күнде қоғамдық қорға қомақты қаржы жиналып, «Айдарқұл-Қашар» ауылындағы жалғызбасты ана Қалдықыз Қарабаеваға үш бөлмелі үйдің кілті табыс етілді. Бұл шараға бірлестік төрағасы Сламбек Мергенбаев, ауыл имамы Мейрамбек Әсетұлы, бірлестік мүшелері Ержан Дәуренбеков, Ғани Қожагелдиевтер қатысты. Көксу ауылдық округінің әкімі Исатай Әділхан құттықтау сөзінде үйдің қажетті құжаттарын заңдастырып беруді өз бақылауына алатындығын айтты. Бірлестік төрағасы С.Мергенбаев қорға қомақты үлес қосқан Құттыбек Баратов, Азамат Дәуренбеков, Нұрпейіс Әлімбетов, кәсіпкер Ербол Меңлібаев пен Асхат Сламбекұлына алғыс сезімін білдірді.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен алдағы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында үйлі болған Қалдықыз Қарабаева:
– Аязды қыста қалай күн көремін деп күндіз-түні уайыммен жүрген едім. Мына қамқорлықтарыңыз үшін «Үркер-25» қоғамдық бірлестігі мүшелері мен оның басшысы Сламбек Мергенбайұлына деген ризашылығым шексіз. Қайырымды істеріңіз Алладан еселеніп қайтсын,- деді көзіне жас алып.
Сол күні көмек ретінде бір тонна көмір мен құрғақ отын , азық-түлік жеткізіліп берілді. Үйдің ауласын қоршап, төсеніштермен қамту жұмыстары да жалғасын табуда.
Жаңабай Әліқұлұлы.