Ардақты ағайын!
Жаңаөзен қаласында орын алған жағдай қай-қайсымызды да бей-жай қалдырмайтыны түсінікті. Халық қымбатшылыққа байланысты көкейіндегі пікірлерін білдіріп, күнделікті тұтынатын газ бағасын төмендету мәселесін ашық білдірді. Оған біз әрқашан да қолдау білдіреміз.
Дегенмен, біз сөзге тоқтаған халықтың ұрпағымыз. Мемлекет басшысы арнайы комиссия шығарып, орын алған мәселелердің бәрін рет-ретімен шешетінін жеткізді. Жақында ғана Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын бүкіл халық болып атап өттік. Ендігі жерде ауызбіршілігімізді жоғалтпай сабырлық таныта білейік, ағайын. Ең бастысы – қол жеткен Тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің қадірін түсінейік.
Тоқсанбай Бердібеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Құрметті бауырлар!
Батыс Қазақстан облысында халық қымбатшылыққа, жалпы әлеуметтік мәселелерге байланысты алаңға шығып, өз талап-тілектерін бейбіт түрде білдірді. «Халық айтса қалып айтпайды» демекші, көтеріліп отырғандары – елдік мәселе.
Жастар қашан да қоғамның қозғаушы күші болып табылады. Осы орайда осындай сындарлы сәтте бізге ел бірлігі мен тыныштығы аса қажет. Сондықтан баршаңызды ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырамын.
Ұлдықыз Зейнеділова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы.
Құрметті ағайындар!
Маңғыстау облысында елімізде орын алып отырған қымбатшылыққа байланысты халықтың толқуына түсіністікпен қараймыз. «Бақ бағалағанның қолында тұрады» дейді дана халқымыз. Қазіргі таңда бүкіл әлемді жайлаған жаһандық пандемия салдары қай салаға да ауыртпалығын түсіріп отыр. Осындай қиын қыстау кезеңде қандай іске барсақ та сабырлылықпен, төзімділікпен шеше білуіміз аса қажет. Өйткені осындай сәтті пайдаланып кететін сыртқы күштер болады. Содан сақ болайық. Арандатуға жол бермейік, ағайын.
Қыстау Ілесов, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.