Шардаралық еңбекқор азамат Бақытжан Нұржанов ауласының алдында шұбалшын асырап, ауыл шаруашылығына таптырмас биогумус табиғи тыңайтқышын өндіріп келеді.
Бастапқыда ол төрт шаршы жерді пайдаланған. Қазіргі таңда он бес шаршы метрге ұлғайтып, кəсібінен нəсіп көріп келеді.
Аудандағы диқандар бүгінде Бақытжанның өніміне тапсырысты алдын ала беріп, кезекте тұрады. Кәсіпкер агроөнеркəсіпке ден қойғанына біршама жылдар толған. Алайда еккен егіндері өнім бермей шығынға шаш етектен батқан. Себебі жерлер сорланып, жарамсыз күйге түскен. Осының зардабын тартқан шаруа қолдан табиғи биогумус əзірлеуді қолға алыпты.
– Биогумус — шұбалшынның асқазанынан қорытылып шыққан қалдық. Бұл топыраққа кез келген өсімдік өседі және химиялық қоспасыз өнім алудың ең тимді жолы, – дейді шаруа.
Ол шет елден жүз мың шұбалшын сатып алып, көбейтіп келеді. Қазіргі кезде оның шағын жер телімінде он бес миллиондай шұбалшын өсіп, жетілуде. Шұбалшынды асырау үшін кез келген жануар мен құстың нәжісі жарамды екен.
Вермифермерлік саланы дамытуға бет бұрған кәсіпкердің алдағы жоспарлары да ерекше. Ол шұбалшыннан бөлек "Павловня" ағашын өсіруді нықтап қолға алған. Жылына алты метр өсетін жапониялық ағаш түрін арнайы тапсырыспен алдыртқан. Бұл ағаштың ерекшелігі – өнімі жемістей емес, бал түрінде беріледі. Иə, күнделікті пайдаланып жүрген балымыз.
Айта кетсек, кәсіпкер шұбалшынның 1 шаршы метрін, яғни 35-40 мың бірлігін 150 теңгеге, ал біртіндеп 10 теңгеден сатуда. Сондай-ақ, биогумустың 1 кубын 60 мың теңгеден өткізуде. Сонымен қатар шаруа жылына 6 метр өсетін, биіктігі 25-30 метрді құрайтын жапондық «Павловня» ағашын өсіруді қолға алған. Оның айтуынша ағаш 3 жылдан кейін гүлдейді, гектарынан 850 кг мен 1 тоннаға дейін табиғи бал алуға болады. Оған қоса, бұл ағашты тұрмыстық жиһаздар мен кез келген ағаш бұйымға пайдаланады.
Кәсіпкер алдағы уақытта осы кәсіп түрлерінің көлемін ұлғайтып, басқа да тропиктік жеміс-жидек түрлерін өсірумен айналысып көру ниетінде.
Рүстем Пердебек.