Апаттың айтып келмейтіндігін атап көрсеткен қазекем құдайдың сақтанғанды ғана сақтайтындығын да айтып өткен.
Сондықтан қандай жағдайда болмасын сақтық шараларын бір сәтке ұмытпауымыз керек.
Таяуда Шардара қаласы, «Наурыз» мөлтекауданының тұрғындары – Жарылқасыновтардың баспанасы отқа оранып, бір үйде ғұмыр кешіп жатқан екі отбасы бір сәтте баспанасыз қалды.
– Үш бөлмелі үйде 2 отбасы едік. Үшінші топ мүгедегі болып табылатын күйеуім Бағдат екеуміздің 4 перзентіміз бар. Бізбен бірге тұратын қайын інім Мағжанның да 4 ұл-қызы бар. Бір-бірімізге сүйеу болып, қаражат жинасақ тағы үй салармыз немесе баспана сатып алармыз деген үмітпен күй кешіп жатыр едік.
Сол күні үйге кешкісін от жағып, бала-шағаны алып, қонаққа кеткен болатынбыз. Түнде көршілеріміз үйіміздің өртеніп жатқанын хабарлап, қоңырау шалды. Дереу жетіп келсек үйді өрт шалып, шатыры түгел жанып кетіпті. Не істерімізді білмей қатты әбіржідік. Әлде де бала-шаға қасымызда, құжаттар қалтамызда болды.
Ертеңіне үйдің қасындағы орталық мешітке үлкен үмітпен бардым. Орталық мешіттің бас имамы Марат Асанов ағамызға бар жағдайды айтып, түсіндірдім. Көмек қолын созуды сұрандым. Марат аға қолынан келгенше жәрдем ұйымдастыруға уәде етті. Көмек қолын созған барша азаматтарға Алланың нұры жаусын, – дейді Бағдаттың жары Алмаш Тастанова.
– Бұл да бір Алланың сынағы шығар. Ең бастысы адам шығыны жоқ екен. Жағдайды естіген соң ел ішіндегі жаны жомарт жандарға, ел ағаларына хабарласып, мүмкіндіктері болса Алланың разылығы үшін жәрдем етулерін сұрадым. Кең пейіл азаматтар «кет әрі» демеді. Алла олардың істеріне береке берсін.
Қазіргі уақытта көпшіліктің көмек етуімен 350 мың теңгеге ағаштар мен шиферлар алдық. 75 мың теңгеге есік-терезелер әпердік. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан ұсталардың ақысын беріп қойдық. «Ақ шағала» мейрамханасының ұжымы тамақтарын дайындап беруде.
Ендігі қаражатқа үйіне қажетті тұрмыстық заттар алып берсек деп отырмыз, - дейді осынау шараның ұйытқысы болып жүрген аудандық орталық мешіттің бас имамы Марат Асанов.
Ия, өмір – сынақ, жақсылықпен қоса қиындық та қатар жүреді. Қиындыққа тап болып, жаны қысылғандарға қол ұшын созу – адамгершілік парыз һәм үлкен сауап. Осынау парыз бен сауаптан шет қалмаймын десеңіз орталық мешіт ұжымына хабарласыңыз.
Өз тілшімізден.