4 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күні қарсаңында Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Бейсенбиевке жолығып, сайлау жүйесінің жайы туралы әңгімелеп беруді өтінген болатынбыз.
– Есенбай Рысқұлұлы Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жұмысына тоқтала кетсеңіз.
– Күні бүгін жұмыс атқарып отырған аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2019 жылы құрылды. Комиссияда 7 мүше еңбек етеді. Комиссия төрағасы мен хатшысы кәсіби негізде жұмыс істейді. Қалғандары қоғамдық негізде еңбек етеді. Сондай-ақ, сайлауды жүзеге асыру үшін ауданда 33 сайлау учаскелері құрылған. Сайлау комиссияларының мүшелерін қоғамдық ұйымдар мен партиялардың ұсынуымен аудандық мәслихат жасақтайды және 5 жылға сайланады. Сайлау комиссияларының төрағасын, орынбасарын, хатшысын комиссия мүшелерінің алғашқы отырысында комиссия мүшелері сайлайды.
– Есенбай Рысқұлұлы соңғы сайлауларда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға қатысуына ерекше мән берілгенін байқағандаймыз.
– Қазақстан Республикасының Конституциясының 14 бабында: «сайлаушылардың тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп атап көрсеткен. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға қатысып, дауыс беруіне барлық қолайлы жағдай жасау міндетіміз.
– Сайлауға бақылаушылар мен сенімді өкілдердің қатысуына қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
– Үміткерлердің сенімді өкілдері мен бақылаушылары учаскелік сайлау комиссиясындағы өтіп жатқан сайлау барысын бақылауға толық құқығы бар. Олар сайлау учаскелеріне барып, бақылаушы ретінде берілген қоғамдық ұйымдардың, жіберген партиялардың құжаттарын көрсетіп, тіркеу қажет. Бірақ олар сайлау жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс.
– Әкімдердің сайлауы жайлы айта кетсеңіз.
– Сайлау туралы заңға өзгеріс енгізілді. Заң талабына сай 2021 жылы ауданымызда тұңғыш рет Жаушықұм ауылында ауыл әкімінің сайлауы өтті.
– Сайлау ережесін бұзушыларға қандай шаралар көріледі?
– Қазақстан Республикасының заңдарында сайлау ережесін бұзушы сайлау комиссиясының мүшелеріне де, сайлау жұмысына кедергі келтіретін бақылаушыларға да қылмыстық және әкімшілік шаралар көру қарастырылған. Заң алдында бәріміз бірдейміз.
– Есаға, Дүниежүзілік сайлау күні құтты болсын дей отырып, жұмыстарыңызға табыс, сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан С.Лаханов.