Қазіргі таңда әрбір білім беру мекемесі жанында қамқоршылық кеңесі жұмыс істейді.

Өткен аптада «Шардара» мектеп-лицейінде қамқоршылық кеңестің кезекті жиыны болып өтті. Жиын барысында мектеп-лицей директоры Жанат Сапаров 2021-2022 оқу жылының І жартыжылдығында мектептегі атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Есеп беру кезінде бала қауіпсіздігін сақтау, оқу-тәрбие процесінде жүргізілген жұмыстар, жетістіктер мен бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуы кеңінен әңгімеленді. Сондай-ақ, қамқоршылық кеңес мүшелері мектеп-лицей тәрбиеленушілерінің жағдайымен танысу үшін оқу-тәрбие процесіндегі іс-шаралардың жоспарымен танысып, ас мәзірінің нормаға сай болуын қадағалап шықты.

Сонымен қатар отырыс барысында қамқоршылық кеңестің төрағасы жаңадан сайланды. Кеңес мүшелері бір ауыздан кеңес төрағалығына ауданның Құрметті азаматы Мұсахан Мархабайдың кандидатурасын жақтап, келісім білдірді. Сонымен бірге қамқоршылық кеңес мүшелері мектептегі атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанарлық баға берді.

Жиын соңында кеңес мүшелері 6 ұл-қызы осы мектепте оқитын қала тұрғыны, аз қамтылған отбасы Айгүл Бектаеваның отбасылық жағдайымен жіті танысып шықты. Жәрдемге мұқтаж жандарға отын, көмір түсіріп берді. Кеңес мүшелері алдағы уақыттары бұл отбасының мемлекеттік жәрдемақылар алуына жәрдемдесетіндерін жеткізді.

Өз тілшімізден.