Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық пен қылмыс жасаудың алдын алу бағытындағы шараларды жандандыру – бүгінгі күннің басты талабы.
Соңғы кезде кәмелетке толмағандардың арасында ұсақ бұзақылықтар, төбелес, қоғамдық тәртіпті бұзу, қалта телефондарын ұрлау сияқты фактілер жиі орын алуда. Осындай тәртіпсіздіктерге жасөспірімдер өтпелі жас кезеңінде көбірек баратын көрінеді. Сондықтан да осы жаста жасөспірімдермен жиі-жиі тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізген жөн.
Биылғы жылдың қаңтар айында жасөспірімдер қылмысының алдын алуда оқушылар арасында құқықтық міндеттері мен жауапкершіліктерін түсіндіру жұмыстарын жүргізу, құқық қорғау органдары өкілдері мен кәмелетке толмағандар арасындағы сенім қарым-қатынасын орнату мақсатында петинциарлық педагогика және психология бөлімінің оқытушылары «Жантану» ғылыми-зерттеу үйірмесінің шеңберінде іс-шаралар өткізді. Жоспар бойынша белгіленген жалпы білім беретін орта мектептің оқушыларымен «Оқушылар арасында құқықбұзушылықты болдырмау жолдары», «Маскүнемдік пен ішімдік», «Жасөспірім және заң», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық», «Құқық және міндет», «Діни экстремизмге жол жоқ!» тақырыптарында әңгімелесіп, сауалнама жүргізілді.
Сонымен қатар қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түріне сотталғандармен аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» психологы А.Иштаевамен бірге өткізілген шарада «Жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктері» атты тақырып бойынша баяндама жасалды. Өткізілген іс-шаралар жасөспірімдерге әсер етіп, болашақта қылмыстан бойын аулақ салуға септігін тигізеді деген сенімдеміз.
Р.Зияханов, аудандық пробация қызметі бөлімнің аға инспекторы, әділет майоры.