СОҒЫСТАН ҚАЙТҚАН САРБАЗДАР БАС ҚОСЫП, БЕЙБІТШІЛІКТІ ЖАҚТАЙТЫНДАРЫН БІЛДІРДІ
15 ақпан – Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылған күні. Ол соғыстың аяқталғанына да 33 жыл толды.
Аптаның дүйсенбісінде осынау даталы күнге және Қазақстан Респубикасының бітімгерлік әскерінің Тәжік-Ауған шекарасынан шығарылғанына 21 жыл толуына арналған «Ауғанның отты жалыны» атты үлкен іс-шара өтті.
Шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Т.Бердібеков, қала әкімі Е.Бекет, аудандық «Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің» төрағасы М.Жұмалиев және басқа да майдангерлер мен азаматтар қатысты.
Майдангерлер ең алдымен аудан орталығындағы Ауған соғысы ардагерлеріне арнап қойылған ескерткішке барып, соғыста қаза тапқан азаматтардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Сондай-ақ, аудандық тарихи-өлкетану музейінде қонақта болды. Музей меңгерушісі Н.Смайылов он жылға созылған сұрапыл соғыстың тарихына тоқталып, шолу жасады. Ауған соғысы ардагерлері майдандағы жан түршіктірер оқиғаларды еске алып, мұндай зұлмат замандар болашақ ұрпақтың басына ешқашан келмеуін тіледі.
Аталған шара түс ауа аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда майдангерлерге арнап концерттік бағдарламалар мен көріністер көрсетілді. Бұдан бөлек, ардагерлермен кездесулерде болған оқушылар мен жастар батырлардың ерлігін өз ауыздарынан естіп, соғыстың тарихына қанық болысты.
Жиын соңында ардагерлерге аудан әкімінің, мәслихат хатшысының және тағы да басқа әскери мекеме басшыларының Алғыс хаттары табысталды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.