Өткен аптаның жұмасында аудандық орталық мешіт жанынан салынуы жоспарланған медресенің алғашқы кірпіштері қаланды. Бұған дейін осы нысанның іргетасы құйылғанын хабарлаған болатынбыз.
11 ақпан күні болып өткен шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша бас имамы Еркебұлан Қарақұлов, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, Шардара қаласының әкімі Ережеп Бекет, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов, аудан имамы Марат Асанов, дін қызметкерлері мен ауыл ақсақалдары, мешіт жамағаты қатысты.
Жұма намазынан соң жамағат аудандық орталық мешіттің ауласынан бір мезетте 100 бала дәріс алатын Қарилар дайындайтын орталықтың құйылған іргетасының маңына жиналды. Алғашқы болып сөз алған облыс имамы Е.Қарақұлов осындай үлкен сауапты игі бастамаға мұрындық болып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді. Аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағының арқасында осындай үлкен сауапты жақсы игі бастамаларға қол жеткізіп жатқанымызды атап өтті.
Мұнан соң әрбір игі істі бастаудан алдын Жаратқан Алладан жарылқау тілеп, алақанын жайған мұсылман қауым, Алла разылығы үшін бір малды құрбандық шалып, дүниеден өткен ата-бабалар рухына құран бағыштады. Ғимараттың алғашқы қыштарын қалады. Сөз реті келіп тұрғанда қала әкімі Е.Бекеттің осы шараға жанұясы атынан 300 мың теңге қосқанын айта кеткеніміз жөн болар. Ауыл ақсақалдары мен дін қызметкерлері, мешіт жамағаты кезегімен қыш қалап, қолтаңбаларын қалдырып, қуанышпен тарасты.
Осындай сауапты игі бастамаларымызға Алла жар болсын!
Өз тілшімізден.