Апта басында аудан әкімдігінде Түркістан облысындағы ақпараттық жұмысты жақсарту бойынша әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Мемлекеттік бағдарламаларды аймақтарда іске асыру барысын ақпараттандыру» тақырыбы бойынша кезекті көшпелі оқыту семинары өтті.
Аталған іс-шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары, баспасөз хатшылары, «Жастар орталығының» мамандары, медиаволонтерлер, БАҚ өкілдері қатысты.
Көшпелі семинарда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Ақпараттық талдау орталығы» КММ директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айкөзов Сейдулла Ибадуллаұлы қатысушыларға газеттерде жарияланатын ақпараттар мен сұхбаттарды ұйымдастыру, оларды дайындау, интернет ресурстарды пайдалану, дәстүрлі БАҚ-тың жаңа медиа орыны, ақпараттық контент таратудың ұңғыл-шұңғылы жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Семинар барысында Сейдулла Ибадуллаұлы «Сіздерді жинап, жиын өткізу себебім, жақында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжанов мемлекеттік органдардың ақпараттық саясатына жаңа тәсілдері жөнінде және жеке қоғамдық кеңестердің жұмысына қатысты еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарымен жиналыс жасаған болатын. Бүгінгі мақсатым – сол мәселелерді сіздерге жеткізу. Кешегі қаңтар оқиғасында идеологиялық диверсияға жол беріп қойдық. Бой ұсынбауымыз керек. Бізге ақпараттандыруда жаңашылдық керек», – дейді.
Жиын кезінде газеттегі, интернет желісіндегі посттар болсын тақырыпқа көбірек мән берілу керектігі, жағымды ақпараттармен жұмыс жасау, жалған ақпараттарға сенбеу және олардың жылдам тарап кететіні жайлы, бірсыдырғы ақпараттарға қарағанда халыққа ұтымды, пайдасы бар дүниелер салу ұтымды болатыны, берілген ақпаратты аудандық, қалалық, республикалық деңгейдегі деп бөліп-жару қате пікір екендігі жайлы біршама мәселелер талқыланды.
Семинар соңында ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Рүстем Ерғалиұлы ақпараттардың аудан көлемінде ғана шектеліп қалуы тұрғысында өз пікірлерімен бөлісіп, қатысушы тараптардан біраз сұрақ-жауаптар болды.
Келесі семинар Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандарында өз жалғасын табатын болды.
Бота Өсербай.