Өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев аудандағы «Жастар орталығының» қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ө.Рүстем, аудандық «Жұмыспен қамту орталығының» директоры Н.Майханов, аудандық «Жастар орталығының» басшысы Б.Қалдарбек және қала, ауылдық округтегі «Жастар орталығының» мамандары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары «Жастар орталығының» маман- дарынан жастарды спортқа тарту, мәдени шараларға қатыстыру, жұмыспен қамту, жат ағымдар бойынша түсіндірме жұмысын жүргізу, жастарды қылмысқа бармауға үгіттеу және олармен үнемі байланыста болу секілді атқарылып жатқан жұмыстарының есебін сұрады. Сондай-ақ, алдағы жоспарларына толықтырулар енгізіп, нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.
«Жастармен әрқашан тығыз байланысты болуымыз керек. Олармен жиі кездесіп, пікірлерін біліп, қызығушылығына қарай мақсатын жүзеге асыруына көмектесу керек. Сонымен қатар, оларды заманауи көзқарастарына қарай шаралар ұйымдастырып, түрлі сайыстарға тарту қажет.
Мұғалімдермен бірлесіп, жасөспірімдерді мектептегі кезеңнен дұрыс бағытқа қарай тәрбиелеуге жоспарлы түрде жұмыс атқарыңыздар. Сондай-ақ, жоғарғы оқу орнына кеткен және әскерге кеткен жастармен байланысып, олардың отбасына барып, жағдайларын сұраңыздар. Бүгінгі күні көп жастар бизнеспен айналысамын деген пікірде. Сондықтан да қабілеті және ұтымды идеясы бар жастарды мемлекеттік қайтарымсыз гранттарға қатысуға, жеңілдетілген несие алуына ықпал жасаңыздар. Бастысы – жастарды қылмыстан, нашақорлықтан, жат ағымдардан және басқа да пайдасыз әдеттермен айналысуына жол бермеуіміз керек. Керісінше жастарды ауданымыздың әр саладағы беделді тұлғалармен кездестіріп, олардан жиі сауалнамалар алып, патриоттық шараларға қатыстырып, пікірлерін ескере отырып, жоспарлы түрде жұмыс істеуіміз керек» – деді Б.Шомпиев.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары бөлімдер мен «Жастар орталығы» басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру керектігін атап өтті. Сондай-ақ, әр тоқсан сайын тапсырылған жұмыстардың есебін сұрап отыратындығын жеткізді.
Р.ПЕРДЕБЕК.