Қайбір жылы қол күресінен Сеулде өткен жарыста 37 кәрісті қатарынан жеңген Қыдырғали Оңғарбаевты жерлестеріміз әрдайым мақтан тұтады.
Тамаша жеңістеріне әлем жұртшылығы таң қалып, таңдай қағып жатса, ондай оғланды мақтан тұтпағанды не істерсің?! Еліміздің өзге аймақтарындағы таныс-біліс, жора-жолдастарымыз «Қыдырғали балуан Шардарадан екен ғой, танисың ба?» десе, «Танымағанда ше? Күнде көрісіп, жаттығу залына бірге барамыз ғой» деп бөсіңкіреп, балуанның арқасында мақтанып та алатынымыз бар. «Жақсыдан – шарапат» деген осы да.
Біздің кейіпкеріміз 1994 жылы 24 қазан күні Шардара қаласында дүниеге келген. Қыдырғали спортшы болуды бала жастан армандады. Сол кезеңдерде ауданда қол күресі спортымен шұғылданып, аттары шартарапқа танымал болып үлгерген ағаларының әрбір жаттығуларына, олардың жекпе-жектеріне есі кетіп құмартып, тамашалайтын. «Шардара-Армспорт» клубының негізін қалаған ұстазы Арман Қарсыбаевқа және өзге де спортшы ағаларына еліктеп, өзі де қол күресімен шұғылдана бастайды. Бір айта кетерлігі – Қыдырғалиды Арман ағаның өзі тікелей жаттықтырады. Күндіз-түні жаттығу жасаудан шаршамай, маңдай терін төге жүріп, ол көп өтпей-ақ спорттағы алғашқы асуларын бағындыра бастады. Қыдырғали 2010 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында алғаш рет чемпион атанды. Небәрі 15 жастағы бозбала Қыдырғалидың есімі Қазақстанға танымал болып үлгерді. Осы жеңіс оның спорттағы барша жетістіктеріне даңғыл жол салды.
Қыдырғали 2010 жылдан бермен қарай 7 рет Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Азия чемпионаттарында 5 рет атой салып, алтыннан алқа тағынды. Азия кубогын жеңіп алды. Халықаралық Гран-При турнирлерінің 8 дүркін чемпионы. Әлем кубогын да бірнеше рет қанжығасына байлады. 2012 жылы Бразилияда өткен жарыста Әлем чемпионы атанды.
2014 жылы Ташкент қаласында Өзбекстан Армрестлинг федерациясының арнайы ұйымдастыруымен Қазақстан-Өзбекстан құрамаларының арасында жекпе-жек кездесулер өтті. Қыдырғали осы жарыста ел атынан сынға түсті. Қазақстанның мақтанышы болып үлгерген Қыдырғали Өзбекстанның ең мықты спортшысы, түйе палуаны Бабур Бекчановпен өткен 5 раундтық кездесуде 5:0 есебімен өзбек чемпионы Бабурды ойсырата жеңді.
2015 жылы өзінен 45 келі ауыр тартатын 135 келілік әлемге әйгілі Түрік чемпионы Фарид Османлыны жеңіп, Қыдырғалидың атағы қол күрес әлеміне кеңінен тарала бастайды. Және осы жылдың қараша айында кәсіпқойлар арасында Польша елінің Румия қаласында өткен Әлем кубогы жарысы "Золотый Турда" 86 келі салмақта бақ сынап, Әлем кубогын жеңіп алды.
2017 жылы Египеттің Каир қаласының Гизза ауданында армрестлингтен Әлем кубогы этапы аясында Египет және Қазақстан құрамаларының жекпе-жек кездесуі болып өткен болатын. Осы кездесуде Қыдырғали Оңғарбаев Африка құрлығының чемпионы, Египет елінің ең күшті спортшысы, Әлем біріншілігінің жеңімпазы Мұхаммед Абдел Рахманмен 5 раундтан тұратын жекпе-жек өткізді. Бұл текетіресте Қыдырғали Мысыр мықтысына бірде-бір рет жеңіс дәмін татқызбай, оны да 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, мәңгілік еліміздің абыройын тағы да бір рет асқақтатты.
Әлем кубогы жарысында 2017 жылы 95 келі салмақта жеңіске жетіп тағы бір Әлем кубогының иегері атанып, қазақ елінің абыройын асқақтатты. Қыдырғали дәл осы жылы өз салмағында ғана емес абсолюттік салмақта да бақ сынап, әлемге әйгілі ресейлік Виталий Лалетин, болгариялық Красимир Костадинов, украиналық Евгений Прудник, ресейлік "Аю" деген лақап атпен танымал Дмитрий Силаев сынды бірнеше рет Әлем чемпионы атанған қарсыластарын артқа қалдырып, күміс жүлдені жеңіп алды. Осы жеңісі Қыдырғалидың әлемнің ең мықты 8 спортшысы қатысатын «ТОП-8» жарысына қатысуына септігін тигізді.
Қыдырғали қазіргі таңда әлемдік «ТОП-8»-дің қатарында. «ТОП-8» дегеніміз – қол күресі бойынша әлемдегі ең мықты 8 балуан деген сөз. Сегіздікте алғашқы қарсыласы өзінен 60 келі ауыр тартатын польшалық балуан еді. Қарсыласының осындай артықшылығын көзіне де ілмеген Қыдырғали оны оп-оңай жеңіп, төрттікке өткен. Келесі айналымдағы қарсыласы өзінен 88 келі ауыр болатын. Осыншама салмақ айырмасы өз дегенін істеді. Балуанымыз ұтылып қалды. Алайда, Қыдырғалидың осынысының өзі біз үшін жеңіспен тең!
Айтқандай, осынау жеңісіне риза болған бір топ алматылық кәсіпкер жігіттер оған соңғы үлгідегі «Toyota» автокөлігін тарту еткен еді. Ол жігіттердің мәрттігін есітіп, разы болысқанбыз. Қыдырғали әлгі көлікті ауылға мініп келді де «Мына көлікті мені осындай дәрежеге жеткізген жеке жаттықтырушым, ұстазым Арман Қарсыбаев ағама сыйлаймын» деп інілік ізет көрсетті. «Қыдырғали қара күштің ғана иесі емес, кең жүректің де иесі екен ғой» деп тамсанғанбыз.
Қазір Қыдырғали Шардара аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Шардара аудандық күш спорт түрлерінен спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары болып қызмет атқарып келеді. Жыл басында аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды.
Шардараның шағыл құмы дем беріп, Сыр суынан нәр алып өскен қол күрес спортының жарық жұлдызы Қыдырғалидың спорттағы жеңісті жолдары әрбір өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз. Бүгінгі таңда жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, олардың жаппай спортпен шұғылдануларына ұйытқы болып жүрген Қыдырғали Оңғарбаевтың даңқты жолдары одан ары жалғаса береріне бек сенімдіміз!
Бекжұма Нарбай, Ы.Алтынсарин атындағы негізгі мектептің мұғалімі.