Апта басында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың 2021 жылы атқарылған жұмыстарының қорытынды есебін тыңдады.
Жаңа форматта өткен аудан әкімінің есебінде әдеттегідей ұзақ баяндама тыңдалған жоқ. Нақты мәселелер сарапталды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021 жылғы қорытындысы сараланып, шешу жолдары талқыланды. Жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.
Ағын су тарифін ретке келтіру үшін Шардара ауданындағы 6 ауылдық округ әкімдігінің иелігіндегі ұзындығы 1372 шақырым каналды республика меншігіне өткізуді шұғыл түрде шешу керек. Шардараның кәріз жүйелерін 39%-дан екі есе арттырып, газдандыруды толық аяқтауы қажет.
Былтыр Шардара ауданында 12 млрд теңгеден астам өнеркәсіп өнімі өндірілсе, негізгі капиталға 30 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, 1,5 пайызға артқан. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылы 3600 адамды қатыстыру жоспарланып, нақты 4 мыңдай адам қатыстырылған.
Аудан бойынша былтыр 20 шақырымды құрайтын 35 көше орта жөндеуден өтсе, газбен, сумен қамту бағытында да жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы 2019-2024 жылдар аралығында 17 елді мекенді газдандыру жоспарланған.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудандағы жұмыстарды оң бағалап, алдағы межелерді сөз етті. Шардараны сапалы ауыз сумен қамту мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Ол үшін қаладан 34 шақырым қашықтықтағы құмның ішінде орналасқан су қоры жеткілікті «Тастанбек» жер асты суын жеткізу қолға алынбақ. Осыған байланысты былтыр Шардара ауданына жұмыс сапарында облыс әкімі аталған жобаның жоспарын әзірлеу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Жобалық-сметалық құжатты әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 30 млн теңге қаржы қаралды. Су сапасы сан мәрте сынақтан өткен. Жаңа жобаны жыл соңына дейін бастап, келер жылы толық жүзеге асыру көзделген. Осы арқылы жер асты суларын жеткізу арқылы жылдар бойы созылған мәселе біржола шешіледі.
Былтыр ауданда кәсіпкерлер мен шаруаларды қолдау мақсатында несие ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер арқылы 289 жоба қаржыландырылған. «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» шеңберінде 70 адамды жұмыспен қамтитын 2 жоба іске асырылған. Атап айтсақ, «Vita» ЖШС-нің балық өсіру кешені ұлғайтылып, жылына 435 тонна балық өсіру, өңдеу, экспорттауға мүмкіндік алған. «Ырыс» АӨК-нің күріш өңдеу және жем шығару цехының құрылысы аяқталып, 20 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Биыл 112 адамды жұмыспен қамтитын 4 жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде қауынқақ дайындау цехы, сүт өңдеу цехы және балық шаруашылығына қатысты 2 жоба іске қосылады.
– Жалпы атқарылған жұмыс, жақсы көрсеткіштер бар. Дегенмен тұрғындарды жұмыспен қамту, жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмысты күшейту қажет.
Екіншіден, шаруаларға берілетін ағын су бағасын реттеу де өзекті мәселе. Батыл әрекет етіп, нақты шешімдер қабылдау керек. Шардара қаласын кәріз жүйесімен қамту ісін жеделтетуді, газ, ауыз су, жалпы инфрақұрылымын жақсартуды тапсырамын, – деген Өмірзақ Шөкеев Шардара ауданының әлеуеті зор екенін айтты.
Ауданың әлеуметтік-экономикалық дамуын бағдарлаған өңір басшысы өндірісті арттыру, жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығына қолдауды күшейту, егістікті әртараптандыру және өзге де мәселелер бойынша тапсырма берді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.