Өткен аптаның жұмасында «Ақ жол» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Тұрлыбекұлы Перуашев, жерлесіміз, ақын, қоғам қайраткері,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Жарылқасынұлы Иса бастаған «Ақжолдық» депутаттар ауданымызда жергілікті тұрғындармен, еңбек ардагерлері, зиялы қауыммен және фермер, кәсіпкерлермен кездесу өткізді.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынды жүргізіп отырған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай алдымен Азат Перуашевқа сөз берді. Парламенттегі «Ақ жол» фракциясының жетекшісі еліміздегі біршама мәселелерді қамти отырып, қаңтар қасіретінің сабақтарына айрықша тоқталды.
«Айта кетерлігі, кездесулердің барлығында дерлік қаңтар трагедиясы тақырыбы қайта-қайта көтеріледі. Біз тергеу амалдарының әділетті жүргізілуін талап етіп отырмыз. «Ақ жол» ҚДП-ның осы тақырыптағы екі депутаттық сауалын қайта-қайта айтып, жеткізіп жатырмыз», – деді Азат Тұрлыбекұлы.
«Ақ жол» депутаттары Азат Перуашев пен Қазыбек Исаның Бас прокурорға жазған хаты бойынша қаңтар қырғынында көшеде “жедел жәрдемге” көмектесемін деп жараланып, ауруханадан қамауға алынған шардара- лық Сүндет Түрікпенбай таяуда Алматы- дағы СИЗО-18-ден босатылған болатын. Оның ата-анасы Қазыбек Исадан көмек сұрап, содан кейін Бас прокурорға депутаттық сауал жолданған еді.
«Бұл жігіттің тағдырына қатысты Қазыбек Иса республикалық телеарна- ларда және “Қазақ үні” ұлттық порталы бастаған көптеген БАҚ-тарда, фейсбук парақшасында мәселе көтерген болатын. Бүгінгі таңда Сүндетке қатысты мәселе өз шешімін тапты» – дейді А.Перуашев.
Сүндет Түрікпенбай қамаудан босап шығып, бүгінде үйіне келіп, емделіп жатыр. Жиынға арнайы келген Сүндеттің апасы Ақтолқын Қожаназарова мен анасы Гүлшат Қамысбаева, әкесі Тоғайбай ұлдарының тағдырына көмектескен Қазыбек Исаға, партия төрағасы Азат Перуашевке және бүкіл «Ақ жол» фракциясына толқып тұрып, жүрекжарды алғыстарын білдірді.
– Кешегі қаралы қаңтар оқиғасы кезінде Түркіменбай Сүндет деген баламыз Алматыға емханаға барып, сол жерде жедел-жәрдемге көмек берем дегенде өзінің аяғына оқ тиеді. Құжаттарының барлығы бар. Аяғынан қан сорғалап жатқан кезде емханаға алып барады. Емханада үш күн болып, содан кейін СИЗО-ға, түрмеге қамайды. Содан ұрып-соғып, бір аяғын ақсатады, бір аяғына оқ тиген. Өзімнің ауылымда бала кезінен көз алдымда өскен еді. Қарап отыра алмадым. Әуелі Алладан, одан соң, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исадан көмек сұрадық. Қазыбекті бұрыннан жақсы білемін. Азат Перуашевты да сыртынан жақсы білемін, «Ақ жол» партиясының нәтижелі жұмыстарымен жете таныспын. «Ақжолдық» халық қалаулыларына рахметімді айтайын деп арнайы келіп тұрмын. Біздің мәселемізге бей-жай қарамай, прокуратураға жазып, істің оңынан шешілуіне септігін тигізді. Сіздердің қолдауларыңызбен Сүндет Шымкентке барып емделіп, қазір ауылға келіп, емін жалғастырып жатыр.
Жаңа бесін намазын оқып, сіздермен кездесуге асыға келдім. Сіздерге алғыс айтамын. «Ақ жолдың» жолы ақ болсын. Қазақстанымыз дами берсін. Сіздерге ерекше алғыс айтамыз. Көсегелеріңіз көгерсін. Жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын. Ақ жол сіздерге. «Ақ жолға» ақ жол тілейміз, – дейді Ақтолқын Қожаназар.
– Біздің жағдайымызға алаңдап, алыстан арнайы ат арытып келген «ақжолдық» халық қалаулыларына алғыс білдіремін. Өздеріңіз куә болғандай, мен баламды іздеп, жылап бардым. «Қайда барамын?», «Баламды ол жерден қалай алып шығамын?» деген сансыз сұрақтар санамды қаптады. Жоғары білімім де жоқ.
Аллаға шүкір. Алдымнан жақсы кісілер шықты. Бағыт-бағдар берді. Жанайқайымды Парламентке дейін жеткіздім. Бір емес, екі қорғаушы болды. Біздің арызымыз сіздерге, «Ақ жолға» жеткеніне қуанып отырмын. Жақсы сөздер айтып, қолдау көрсетіп жатқандарыңызға мың алғыс.
Менің балам емделуге барған, тепсе темір үзетін азамат еді. Астанада жұмыс жасап жатқан. Əп-əдемі болып барып, аяғын ақсатып отыр. Əлі жас қой, жақсы болып қалар деген үміттемін! Ең бастысы – аман-есен алып қайттым. Қазір үйде. Бір аптадан асты келгенімізге. Осы аудандық ауруханаға қаралып, ем-домын алып жатыр. Сіздерге рахметімді айтамын. Осындай жанайқайды естіп, шырылдаған қазақтың үнін “Қазақ үніне” жазып, теледидардан айтқаныңызға қатты қуандым. Рахмет сіздерге. Рахметтен басқа айтарым жоқ, – дейді Сүндеттің анасы Гүлшат Қамысбаева.
Екі ананың да шын жүректен шыққан, толқып айтқан ыстық ықыласына ел риза болды.
Мұнан соң аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Қыстау Ілесов сөз алып, «ақжолдықтардың» атқарып отырған жұмыстарына сәттілік тіледі. Шардаралық шаруалар мен диқандардың атынан сөйлеген Шардара аудандық мәслихатының депутаты Бекмағанбет Кеншім егін суының 3-4 есе қымбаттап кеткенін, 1 гектары 14 мыңға барғанын жеткізді. Тыңайтқыштардың да тым қымбаттығына мысал келтірді. Ақынның ұстазы, ардагер ұстаз-ақын, аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Нұрғали Ыбырайым күнде сойылып жатқан малдың жүні мен терісін пайдаланбау салдарынан шығынға ұшырау мәселесіне тоқталды. «Мал шаруашылығын қолдау аясында шаруаларды терілерді бастапқы өңдеуге, сақтауға және одан әрі өткізуге арналған қолжетімді құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету орынды болар еді. Әзірше бұл шикізаттың орасан көп мөлшері шіріп, қоқысқа тасталып, қоршаған ортаны ластауда» – дейді Н.Ыбырайым.
Азат Перуашев бұл идеяны «Ақ жол» ҚДП депутаты Ерлан Барлыбаев басқаратын Мәжілістің аграрлық комитетінде көтеруге уәде берді.
– Шардарада да шаруашылық аспектілер болды: суға тарифтер, тыңайтқыштар мен дизельдік отын бағасы, шалғайлық пен логистика мәселелері. Соңғы тақырып бойынша жергілікті кәсіпкерлер (айтпақшы, бұл идея Жетісайда да көтерілді) Өзбекстанмен шекаралық өткел ашып, осы аймақтарды «үлкен жермен» байланыстыратын темір жол салу мәселесін пысықтауды сұрап отыр. Бұл тақырыпты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге көтеруге тырысамыз, – деді Азат Перуашев.
Жиынды қорытындылайтын тұста аудан әкімі Қ.Жолдыбай Қ.Исаға Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тұсында «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атағы берілгенін айта келіп, ақынға аталған марапатты ресми түрде табыс етті. Жерлесіміз де өз кезегінде аудан халқының ықыласына ризашылығын білдіріп, тебірене жыр оқыды.
Осылайша «ақжолдықтармен» емен-жарқын кездесу өтті.
Өз тілшімізден.