Ардақты аналар, аяулы арулар!
Сіздерді табиғат ана жаңарып-жасарып мейірім шуағын молайтып, дүние түрлі түске боялатын гүл көктемнің сәулелі мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Қашанда еліне тұтқа, ұрпаққа пана болған, тіршілікке нәр берген, адамзатқа өмір сыйлаған Анадан құдіретті, Анадан ардақты, Анадан аяулы жан жоқ. Тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, барша адамзаттың тәрбиешісі де – Ана.
«Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді». Әлемнің тыныштығы, бейбітшілігі аналардың мейірімді жүрегінде, ақ пейілді тілегінде. Сондықтан мына жарық дүниеге әкелген Аналардың алдында бәріміз де бас иеміз.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бергі 30 жыл ішіндегі толағай табыстары мен қол жеткен жетістіктерінің барлығында әйелдер қауымының өз қолтаңбасы бар. Апа-қарындастарымыз бен қыз-келіншектер бүгінде барлық салада жемісті еңбек етіп, қоғамның дамуына, мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Олар жас ұрпақтың бойына халқымыздың салт-дәстүрін, тілі мен ділін сіңіріп, жан жылуын сыйлап, әрбір шаңырақта береке мен бірліктің тірегі болуда.
Біздің ауданымызда да әртүрлі салада, әсіресе білім беру саласында еңбек етушілердің басым көпшілігі нәзік жанды қыз-келіншектер.
Ардақты аналар, аяулы қыз-келіншектер!
Мерейлі мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, шаттық пен қуаныш тілейміз!
Аудан әкімі Қ.Жолдыбай.
Аудандық мәслихат хатшысы А.Қарсыбаев.