Бүгінгі таңда Шардара су қоймасындағы браконьерлермен күресу мәселесі басты назарда. Әсіресе, балықтардың уылдырық шашу маусымдарында су қоймасын ерекше қорғау қажет.
Осы мәселе бойынша апта барысында аудандық әкімдікте жиын өткізілді. Жиынға Арал-Сырдария балық шаруашылығы бассейні, Түркістан облысы бойынша инспекциясы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбаев, аудандық ішкі істер бөлімінің аға инспекторы Б.Теңгебаев, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Маханов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекші маманы Қ.Жахан және балық шаруашылығы инспекциясының мамандары мен балық зауытының қызметкерлері қатысты.
Ш.Боранбаев Шардара су қоймасындағы балық шаруашылығымен айналысушы өндіріс орындарына браконьерлерге қарсы күзетті күшейту керектігін, осы мәселе бойынша жұмыс істеу керектігін айтты.
"Табиғат пайдаланушылардың бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және учаскелерінде жануарлар дүниесін қорғау функцияларын жүзеге асыратын қорықшылық кызметi құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Қазіргі құрылған қорықшылық құрамы су қоймалардың жағалауында орналасқан аудандардың тұрғындары, тиісінше балықшылар да, құқықбұзушылар да осы аумақтың тұрғындары. Яғни, осы себепті сыбайластыққа, ағайын-туыстыққа жол беріліп, өзара кешiрiлiмдер жасалып, браконьерлік тоқтамай отыр. Осы тұрғыда сiздерге балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау мақсатында, жеке қорғау агенттіктерімен (охранный агенство) жұмыс жасауды ұсынамын" – деді ол.
Сондай-ақ, мәжіліске қатысқандар тарапынан браконьерлермен күрес мәселесі бойынша бірқатар ұсыныстар көтеріліп, талқыланды.
Жиында әсіресе Шардара су қоймасында 1 сәуірден бастап 20 мамырға дейін балықтардың уылдырық шашу маусымында браконьерлермен күрес шарасын күшейту мәселесі айтылды.
Өз тілшімізден.