8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай, аудан әкімі Қайрат Жолдыбай Алатау батыр ауылының тұрғыны, жасы 103-ке келген, 16 перзентінен 70 немере, 32 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әже Жібек Қожасованы құттықтады.

Сондай-ақ, Шардара қаласындағы 95 жастағы  Зерекүл Қалдарбекова мен ардагер ұстаз, ауданымыздың Құрметті азаматы, "Құрмет орденінің" иегері, аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Төлешова Жамал Өтегенқызын айтулы мерекемен құттықтап, Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады.

Аталған мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шара аудандық мәдениет үйінде өз жалғасын тапты. Көктемнің көрікті мерекесіне арналған жиында алғаш болып сөз алған аудан әкімі асыл жандарды мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

"Ардақты аналар, аяулы арулар!

Сіздерді табиғат ана жаңарып-жасарып мейірім шуағын молайтып, дүние түрлі түске боялатын гүл көктемнің сәулелі мерекесі – 8-Наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. Әлемнің тыныштығы, бейбітшілігі аналардың мейірімді жүрегінде, ақ пейілді тілегінде. Сондықтан мына жарық дүниеге әкелген Аналардың алдында бәріміз де бас иеміз" деді Қ.Жолдыбай.

Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан нәзік жандыларға, ақ самайлы әжелерге облыс әкімінің және аудан әкімінің атынан Алғыс хаттар тапсырылды. Сондай-ақ, "Алтын алқа" мен "Күміс алқаға" ие болған батыр аналарға салтанатты түрде куәліктер мен төсбелгілер тағылды.

Мерекелік шара әсем ән шашуға ұласып, көріністер көрсетіліп, жан жадыратар тілектермен көмкерілді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.