Өткен аптада аудан прокуроры Р.Әбдірайымовтың ұйымдасты- руымен, аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың және «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы директо- рының орынбасары Асқар Қыстаубаевтың,
аудандық маслихат депутаттарының, Ауыл шаруашылығы министрлігі «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РММ мамандары мен шаруалардың қатысуымен мәжіліс өтті. Жиында соңғы уақыттары «жыр» болып жүрген ағын су мәселесі сөз болды.
Жыл сайын ауданда 4332 шаруа қожалығы 59300 га суармалы жерді игеруде. Ағын судың бағасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің бұйрығына сәйкес 1000м3 үшін қосымша құн салығымен 01.08.2021ж. бастап 787,36 теңге болып бекітілген. Республика бойынша ағын су нысандарын жөндеу, жетілдіру және құрылымдаудан өткізу жұмыстары (бірақ Шардара ауданында мұндай жұмыстар жүргізілмеген) ағын судың бағасы 338%-ға дейін өсуге себеп болған (2019ж. салыстырғанда). Аудандағы ағын су тарату нысандары тозығы жетіп, шаруамен ақысы төленген ағын су мөлшерінің шамамен 46% шаруаларға жеткізілмей қалуда (фильтрация, транспирация, т.б.). Шаруалардың «Қазсушар» РМК-не қарызы өсуде және олардың тарапынан келіспеушіліктер күшеюде.
Осыған байланысты жиналыста ағын су тарифін қайта қарау, ағын суды мемлекет тарапынан субсидиялау және коммуналдық меншіктегі каналдарды «Қазсушар» РМК-ның теңгеріміне өткізу мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ шаруалардың ұсыныстарына сәйкес ішкі ағын су жүйелеріндегі (шамамен 2 500 шақырым) пайдалану әсер коэффициенті (нақты пайдаланған ағын су үшін) бойынша су ақысын төлеу қаралды.
"Өскен өңір" – ақпарат.